Абай облысында әскери міндеттілердің жиыны аяқталды
Абай облысында Қарулы күштерді дайындау жоспарына сәйкес өткізілген әскери міндеттілердің кезекті жиыны өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды 018.kzАбай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери жиындар аясында бір жарым мың резервші «Шығыс» оқу-жаттығу полигонында өз білімдері мен дағдыларын жетілдірді.
Барлығы 41 әскери-есептік мамандықтар, атап айтқанда, мотоатқыштар, танк, артиллерия, зениттік бөлімшелердің, жауынгерлік, тылдық және тактикалық қамтамасыз ету мамандары, сондай-ақ жауынгерлік машиналардың механик-жүргізушілері қайта даярлаудан өтті.
Әскери жиынның жабылу салтанатында құттықтау сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов әскери міндеттілер жиыны қорғаныс саласын дамытып, нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Әскери міндеттілер «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Мараловтың қолынан грамоталармен қатар Бауыржан Момышұлының жауынгерлік тағдыры туралы әңгімелейтін Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» мен Б.Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітаптарын алды.
Жиын соңында әскери міндеттілер сап түзеп, салтанатты шеру жасады.