Семейде буллингке қарсы оқыту жұмыстары қарқын алды
Балалардың құқығын қорғау мәселесі бүгінгі күн тәртібіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Қазіргі таңда буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу іс-шараларына көп көңіл бөлінуде. Бұл ретте Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында Абай облысының тірек мектептерінің ұстаздары үшін буллингке қарсы KiVa бағдарламасы бойынша семинар-тренинг өтті.
Төрт күнге жалғасқан өзекті іс-шарада Аягөз ауданы «Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы», Ақсуат ауданы «Қожагелді батыр атындағы орта мектебі» КММ, Жарма ауданы «Маяковский атындағы орта мектебі» КММ ұстаздары буллинг және оның негізгі формалары жайлы тың ақпараттар алып ғана қоймай, финдік бағдарламадағы ойындар арқылы білімдерін нығайтты.
Оқытушылар құрамы аталмыш бағдарлама бойынша арнайы білім алған Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орындасары Асель Дуйсенбаева, педагог-психолог Анар Адамзатова және педагог-ұйымдастырушы-кураторлар Айжан Ахметова мен Кульяш Наймановадан құралған.
Жаңа оқу жылында пилоттық режимде енгізілетін буллингке қарсы KiVa бағдарламасы 2006 жылдан бері Финляндиядағы Турку университетінде жүргізіле басталған. Сәтті жоба бүгінде әлемнің 20-дан астам елінің білім беру бағдарламасына енгізілген.