Көшпенділер ойындарына 1 метрлік дабыл дайындап жатырмын – абайлық қолөнер шебері
Сурет: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Абай ауданында тұратын қолөнер шебері, этнодизайнер Сәкен Назарханұлы ағаштан, темірден, күміс пен сүйектен қазақтың көне қару-жарақтарын жасайды. Ет жақынын туған күнінде ерекше сыйлықпен қуантқысы келгендер оған тапсырыс береді. Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі тек қару емес, музыкалық аспаптар, жиһаз бен ұлттық ыдыс-аяқ түрлерін де жасап келеді. Қыркүйек айында Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ол 1 метрлік дабыл жасап жатыр екен. Бұл туралы шебер Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.
- Бойыңыздағы бұл қабілетті қалай байқадыңыз?
- Абай ауданы Саржал ауылының тумасымын. Қолөнермен айналысып келе жатқаныма 40 жылдай уақыт болып қалыпты. Бәрі мектеп қабырғасында басталған-тұғын. Ол кезде комсомол ұйымы деген болған. Соның қатарында жүріп, ұстазымыз Асқар Слямовтан үйреніп, қолөнерге икемім келетінін көрдім. Алғаш рет кәдесый ретінде кішкентай домбыра жасағаным есімде.
- Ұлттық бұйымдарды жасауыңызға не түрткі болды?
- 1995 жылы елімізде Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы тойланды. Соған тостаған, қымыз құятын ожау, үстел, орындық және басқа да заттар жасадым. Уақыт өте келе тапсырыс да арта берді. Өзім де бұйымдардың түрлерін көбейте түстім. Қару-жарақтан қылыш, найза, қалқан, шоқпар, садақ, музыкалық аспаптардан домбыра, нарқобыз, сыбызғы, дауылпаз, даңғыра жасаймын. Көрмелерге қойғанға теріге басылған портреттерді де жасайтыным бар.
- Қандай материалдарды пайдаланасыз?
- Торсық, табақ сынды ыдыс-аяқтарды жасағанға көктеректі пайдаланамын. Себебі оның дәмі шықпайды. Ал басқа ағаштан жасалса, ас-судың дәмін бұзып жібереді. Нарқобызды қарағаштан, түйенің терісі мен жылқының жал-құйрығынан жасаймын. Найза жасағанға қайың жақсы. Қылышты болат темірден жасаймын, ал сабы сүйектен, қынабы ағаштан болады. Бір қылышты жасауға 1 жарым ай кетеді. Қалқанға қатысты айтар болсақ, қаңылтыр темірді дөңгелетіп кесіп, оюын саламын. Айтқанда тез болғанмен бұл қыр-сыры көп, ұзақ жұмыс. Өскемен мен Семейдегі түгел дерлік музейлермен жұмыс істеймін. Оларға реставрациялық жұмыстармен қатар қорларындағы қару-жарақтардың көшірмесін жасап беремін. Үйімнің астында шеберханам бар. Барлығын сонда жасаймын.
- Қай өңірлерден тапсырыс түсіп тұрады?
- Абай облысының әр ауданынан тапсырыстар түседі. Одан бөлек, Астана, Алматы қалаларынан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан тапсырыс беретіндер бар. Әр түрлі компаниялардың сұранысымен кәдесыйлар жасап жіберіп тұрамын. 2005 жылдан бастап осы уақытқа дейін елордадағы «Қайысман» дүкеніне кәдесыйлар жіберемін. Ет жақынының туған күніне ерекше сыйлық бергісі келгендер мен әскери адамдар қару-жарақ алып жатады. Садақты өзіне алып, үйіне іліп қоятындар да бар. Ал мамыр айынан күзге дейін қымыз піскен уақытта күбіге деген сұраныс артады. Табақ, астау алатындар да аз емес.
- Кез келген адам қолөнерші бола ала ма әлде бұл үшін туабітті қабілет керек пе?
- Көп адам осындай шұқыма жұмыстан қашады. Қазір енді бұрынғыға қарағанда қолдануға болатын жабдық түрлері мол. Алайда ол қолмен істегенге жетпейді. Оюды да қолмен ойған жөн. Тіпті ол қисық кетсе де, сонысымен әдемі болып тұрады. Қолөнерші болу үшін бір орында тапжылмай отыра алатын шыдамдылық, қол ептілігі керек. Бұндай қабілет екінің бірінде бар деп айтуға келмес.
- 8-14 қыркүйекте Астана қаласындағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Абай облысы делагациясының мүшесі ретінде баратыныңызды естідік. Өзіңізбен ала кететін бұйымдарыңыздың ішінде ең ерекшесі қайсысы болмақ?
- Иә. Абай облысынан 10 адам барамыз. Біздің өңір атынан 3 киіз үй тігіледі. Көшпенділер ойыны өтетін аймақта әр облыстың бутиктері болады. Соған өзімнің кәдесыйларымды, қару-жарақтар мен ұлттық аспаптарды қоямын. Ең ерекшесі – ұзындығы 1 метрлік дабыл болмақ. Оны тамыз айының соңына дейін аяқтап қаламын.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Талғатжан Мұхаметбекұлы
Дереккөз: https://kaz.inform.kz/