Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

М. Такиев: 2025–2027 жылдарға арналған бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланған күйінде қала береді

27-08-2024, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында еліміздің 2025-2029 жылдарға арғалған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Сондай-ақ «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы ұсынылып, қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады.

Министр Мәди Такиевтің айтуынша, Заң жобасы, Бюджет кодексіне сәйкес, еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген. Бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджет заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес келеді. 

«2025 жылға арналған түсімдер 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге сомасында кепілдендірілген трансферт тарту жоспарлануда. Бюджет тапшылығы, 2025 жылы жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде, ал 2027 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 1,9%-ға дейін төмендеу болжануда», — деп мәлімдеді М. Такиев.

Бұл тұрғыда бюджет шығыстары 2025 жылға арналған кірістер мен тапшылықты ескере отырып, биылға қарағанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,8 трлн теңгені құрайды.

Қаржы министрі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланған болып қала беретінін айтты. Яғни, биылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2025 жылы 794 млрд теңгеге ұлғайып, әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бағытталады.

Министрдің мәліметінше, шығыстардың өсуіне келесідей факторлар әсер етеді.

Бірінші. Инфляцияның орташа деңгейіне әлеуметтік төлемдерді индекстеу: базалық зейнетақы мен жәрдемақыны 6,5%-ға, ортақ зейнетақыны инфляцияның орташа деңгейінен 2%-ға асыра отырып, 8,5%-ға индекстеу.

«Индекстеуге және әлеуметтік төлемдерді алушылар санын ұлғайтуға қосымша 626 млрд теңге бағытталатын болады. Нәтижесінде 2025 жылы зейнетақының орташа мөлшері 96 562 теңгені құрайды», — деді М. Такиев.

Екінші. Осы жылмен салыстырғанда гранттар санын 2 500 орынға ұлғайту. Нәтижесінде қосымша орындарды ескере отырып, 2025 жылы шамамен 78 мың білім беру гранты бөлінетін болады.

Үшінші. Жоғарғы оқу орындарының студенттеріне стипендия мөлшерін орта есеппен 15-20%-ға ұлғайту. Нәтижесінде стипендияның орташа мөлшері бакалавриат студенттері үшін 52 372 теңгені, магистратура үшін – 117 098 теңгені құрайды.

Төртінші. Халық санының өсуі мен науқастар санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту.

Бюджеттің келесі, басым бағыты – өңірлерді қолдау.

«2025 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты 348 млрд теңгеге ұлғая отырып 7,4 трлн теңге бөлінетін болады. Бюджеттің жалпы шығыстарындағы үлесі шамамен 30%-ды құрайды», — деп мәлімдеді министр.

Бөлінген қаражаттың нәтижесінде 2025 жылы:

– халықты сумен жабдықтау – қалаларда 99,6%-ға дейін, ауылдық елді мекендерде 98%-ға дейін қамтамасыз ету;

– жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 51%-ға дейін төмендету;

– 51 515 адам мен 3 ауылдық елді мекеннің табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Халықты газдандыру деңгейі 2025 жылы 62 %-ды құрайтын болады;

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде көлік инфрақұрылымының 18 объектісін, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен 91 әлеуметтік объектілерді жаңғырту жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, 2025 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге көзделген.

Бұл бағытта келесі басымдықтар қарастырылған.

1. 635 млрд теңге көлемінде шығыстарды құрайтын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту.

«Аталған бағыт шеңберінде көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын арттыру, Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларға кредит беру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жоспарланып отыр», — деді қаржы министрі Мәди Такиев.

2. Жалпы сомасы 568 млрд теңгеге республикалық деңгейде көлік инфрақұрылымын дамыту.

Қарастырылған қаражат шеңберінде, 18 мың км-ден астам жолдар тиісті жұмыстармен қамтамасыз етіледі, мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар есебінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 10 жобасы реконструкцияланады және 7 292 бірлік мөлшерінде теміржол вагондарының жылжымалы құрамының паркі жаңартылатын болады.

3. 204 млрд теңге шығыстар құрайтын шағын және орта бизнесті қолдау.

«Бұл қаражат жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша қабылданған міндеттемелерді өтеуге арналған сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға, операторлық қызметтер көрсетуге, сондай-ақ кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға бағытталады», — деп түйіндеді министр баяндамасын.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив