Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Қазақстанда 2028 жылға қарай ЖІӨ-нің 6%-ға өсуі болжанып отыр

30-08-2023, 12:27 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024-2028 жылдарға арналған болжамы, сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қордан берілетін трансферттердің параметрлері қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

«Бүгін қарауға Елдің 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңының жобасы енгізіліп отыр. Болжам халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжамдарын, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып, қалыптастырылды», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

ХҚҰ болжамдарына сәйкес әлемдік экономика 2024 жылы 3% деңгейінде өсетін болады. Консенсус-болжамға сәйкес 2024 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне $80-ды құрайды. Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) қаралды.

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $80 деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,8%-ды құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026–2028 жылдары 5%-ға дейін төмендейді. 2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ды құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ға дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. 

Экономиканың барлық базалық саласында өсім күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 4,9%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 3,1%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ды құрайды. Құрылыс саласындағы өсім божам бойынша орта есеппен 8,8%-ды, саудада 7,4%-ды құрайды.

Экспорт көлемі 2024 жылы $83,1 млрд-тан 2028 жылы $95 млрд-қа дейін ұлғаяды, импорт $60,7 млрд-тан $65,6 млрд-қа дейін өседі. Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының негізінде 2024–2026 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер болжамы қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің кірістері болжам бойынша 2024 жылы 16,1 трлн теңгені құрайды, бұл ЖІӨ-нің 12%-ын, 2025 жылы 17,4 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 11,4%-ын, 2026 жылы 18,4 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 10,7%-ын құрайды.

«2024 жылы ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланып отыр. 2024 жылы бюджет тапшылығын 2025–2026 жылдары ЖІӨ-нің тиісінше 2,4%-ына және 2,3%-ына дейін төмендете отырып, ЖІӨ-нің 2,6%-ы деңгейінде айқындау ұсынылады», — деді Әлібек Қуантыров.

Мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі 2024 жылы ЖІӨ-нің 6,5%-ынан 2026 жылы ЖІӨ-нің 4,6%-ына дейін төмендейді деп болжануда. Осыны ескере отырып, республикалық бюджет шығыстары 2024 жылғы 24 трлн теңге көлемінде болжануда, яғни ЖІӨ-нің 17,8%-ын, 2025 жылы 23,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 15,6%-ын, 2026 жылы 25,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14,6%-ын құрайды.

Сонымен қатар қарауға «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы енізіледі. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне $43,4, 2025-2026 жылдары барреліне $40,2-41,8 деңгейінде белгіленген.

«Осыны ескере отырып, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге сомасында айқындалды. Біздің болжамдарымыз бойынша орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан алып қоюдың жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді», — деді ұлттық экономика министрі.

Мәселен, Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, 2025 жылы 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңге көлемінде болжануда. Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2025 жылы 6,3 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы $68,0 млрд, 2025 жылы $80,7 млрд және 2026 жылы $93,3 млрд көлемінде болжанады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, 2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Президенттің Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасы әзірленді. Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.

«2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, “Ұлттық қордан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” заң және «Ұлттық қордан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Жарлыққа өзгеріс енгізу жобаларын қолдауларыңызды сұраймын», — деді Әлібек Қуантыров. 

Әрі қарай Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

«Инфляция осы жылдың соңына қарай 10-12% деңгейінде бағаланады және 2025 жылдың соңында 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп болжанады. Кейін инфляция 5%-дық мақсатты деңгей төңірегінде сақталады. Бұған сыртқы орта тарапынан инфляциялық қысымның одан әрі әлсіреуі және тежеуші ақша-кредит шарттары ықпал ететін болады. Бұл бағалау Үкіметтің болжамдарына жақын», — деді Ғ. Пірматов. 

Сонымен қатар базалық сценарийде төлем балансының ағымдағы шоты 2022 жылғы профициттен дефицит аймағына ауысады. 2023 жылы дефицит жалпы ішкі өнімге қатысты (-)3,4%-ды құрайды. Одан кейінгі жылдары төлем балансының ағымдағы шоты дефицит аймағында сақтала отырып, жақсарады деп күтілуде. Төлем балансының ағымдағы шоты әлемдік шикізат тауарлары бағасының өзгеруіне сезімтал болуын жалғастырып келеді.

Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше, орта мерзімді перспективада төлем балансының әдіснамасы бойынша тауар экспорты мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен айқындалады. Газды ішкі тұтынуға бағыттау, сондай-ақ металдың, көмір мен астықтың және дайын мұнай өнімінің бағасы төмен болуының сценарийлік болжамы экспорттың өсуін тежейтін фактор болады. Тауар импорты болжамды кезеңде халық пен бизнес тарапынан сұраныстың арту есебінен өсе түседі.

«Ұлттық банк инфляцияны одан әрі төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ақша-кредит саясатын іске асыра береді. Фискалдық саясат тарапынан контрциклдік бюджеттік ережелерді бұлжытпай сақтау маңызды. Бұл өз кезегінде макроэкономикалық саясаттың үйлесімін арттыра түседі», — деді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Одан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. 

«Қарауға “2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес елдің 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген», — деді Е. Жамаубаев. 

Бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығын ескере отырып, бюджет заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес орындалды. Атап айтқанда, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.

Министрдің айтуынша, келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер тартылатын болады. Бұл қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Яғни жолдарды, жылу, газ, сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауыл денсаулығын жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысан құрылысы жұмыстары жүргізілмек. Жалпы бұл жобалар Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларына және «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерге сәйкес келеді.

2024 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,6% деңгейінде болжанады. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3%-ға дейін төмендейтін болады. Келесі жылға арналған бюджет шығыстары биылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 24 трлн теңгені құрайды.

Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Яғни жалпы шығыстардың 41%-ын құрайды. Оған арналған қаражат 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда, 1,4 трлн теңгеге ұлғаяды. Шығыстар өсуінің негізгі факторлары келесідей:

  • әлеуметтік төлемдерді: зейнетақы, жәрдемақы, стипендияларды индекстеу;
  • әйелдер үшін зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде қалдыру;
  • бала күтімі бойынша кезеңді 1,5 жасқа дейін ұлғайту;
  • гранттар саны мен стипендия мөлшерін ұлғайту;
  • азаматтық қызметшілерге, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтеріне еңбекақы төлеуді ұлғайту;
  • халық санының өсуі мен науқастар санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту.

2024 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,8 трлн теңге көзделген. Бұл бағыттың басымдықтары:

  • өңдеу өнеркәсібін дамыту;
  • өңірлерде жалғасып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру;
  • кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау;
  • көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру;
  • «Ауыл аманаты» жобасын және Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңінен қолдану үшін ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға халыққа шағын несие беру.

Күш құрылымдарының шығыстары 2,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Оның ішінде ең бастылары – Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру; мемлекеттік қорғаныс тапсырысы; азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілердің кейбір санаты мен жоғары оқу орындары оқытушыларының еңбекақысын арттыру; ішкі істер органдарын қосымша материалдық-техникалық жарақтандыру.

«Жалпы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты сақтау жөніндегі іс-шаралар толық көлемде іске асырылатын болады. 2024 жылы бюджеттің жалпы мемлекеттік шығыстары 7,8 трлн теңгені құрайды. 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі бағыттары осындай», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив