Н. Байбазаров: экономикалық өсу қарқынын 6%-ға дейін жеделдету – қол жеткізуге болатын мақсат
2024 жылғы қаңтардағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары айтылған Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ЖІӨ өсуіне қосымша үлес қосатын негізгі резервтер туралы айтты.
Вице-премьер биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрағанын жеткізді. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестициялар ағыны білім беруде – 3,6 есеге, қаржы және сақтандыру қызметінде – 3 есеге, көлік және қоймалауда – 2,1 есеге, құрылыста – 2 есеге, ақпарат және байланыста – 20,9%-ға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 15,8%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғары өсу Жетісу (2,1 есе өсу), Ұлытау (52,3%-ға), Жамбыл (40,4%-ға) және Алматы (34,4%-ға) облыстарында байқалды.
Алдын ала жасалған қорытынды бойынша 2023 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 3,2%-ға өсіп, $140 млрд-қа жуықтады. Экспорт $79 млрд-қа жуықтап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты $25 млрд-тан асты. Тауарлар импорты $61 млрд-тан асты. Жалпы, оң сауда балансы $18 млрд-қа жуық.
Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 6,9%-ға өсті. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғары өсуді Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Абай ( облыстары көрсетті.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 18%-ға жуық, оның ішінде автомобиль жасаудың – 30%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 44%-дан аса өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: металлургия өндірісі – 12%, химия өнеркәсібі – 40%, металл бұйымдары – 18%, жеңіл өнеркәсібі – 3,5%, фармацевтика өнімдері – 1,4% және жиһаз өндірісі – 5,4%.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,2%-ға жоғарылады. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 6,2%-ға, металл кендерін өндіру – 6,1%-ға, газ өндіру – 0,5%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 3,3%-ға өсті. Көмір өндіру – 4,7%-ға, мұнай өндіру – 1,7%-ға төмендеді.
Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,8%-ға ұлғайды.
«16 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Алматы, Абай, Жамбыл, Қызылорда облыстарында байқалды. Биылғы қаңтарда 1 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың қаңтарынан 3%-ға жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында тіркелді», — деп атап өтті вице-премьер.
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 0,4%-ға өсті. Ең жоғары өсуді Абай, Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстары көрсетті. Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 3 өңірде – Қызылорда және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды.
Нүрлан Байбазаров Премьер-Министрдің тапсырмасымен биылғы экономиканың өсуін 6% деңгейінде қамтамасыз ету әлеуетін талдағанын баса айтты. Экономика секторларында анықталған резервтерді ескере отырып, мақсатқа қол жеткізуге болады. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосымша үлес қоса алатын негізгі резервтер өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, көлік қызметтерінде және ауыл шаруашылығында бар.
«Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынын ұлғайтуға 2024 жылы жоспарланған жаңа инвестициялық жобаларды уақтылы енгізу есебінен қол жеткізуге болады. Құрылыста – әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, автомобиль жолдары мен теміржол желілерін белсенді салу, инвестициялық жобаларды іске асыру, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту есебінен. Жаңа «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының іске қосылуы да оң үлес қосады», — деді Н. Байбазаров.
Көлік қызметтерінің өсуіне көлік жолдарын дамыту, Орта дәліз бойынша жеткізілімдерді, транзитті ұлғайту, сондай-ақ жаңа терминалдық қуаттарды жүктеу ықпал етуі тиіс.
Ауыл шаруашылығында өткен жылғы төмен базаның әсерін ескере отырып, жоғары өсім күтілуде.
«Биылғы қаңтарда негізгі капиталға инвестициялар өсуінің баяулауын ескере отырып, инвестициялардың өсуін өткен жылдан төмен емес деңгейде ұстап тұру – маңызды. Сонымен қатар отандық өндірушілерден мемлекеттік сатып алуды жұмылдыру және олардың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі жалпы ішкі өнімнің қосымша нақты өсуін қамтамасыз етуі керек. Салалық мемлекеттік органдар барлық қолда бар резервтерді ескере отырып, көрсетілген бағыттар бойынша жұмыс жүргізуі қажет», — деді вице-премьер.
Оның мәлімдеуінше, биыл Бәйтерек және Самұрық-Қазына холдингтерінің еркін өтімділік резервтері басым инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады. Экономиканың өсуін бөлінген бюджет қаражаттарының, әсіресе инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаражаттардың уақтылы әрі толық игерілуі де қамтамасыз етеді. Экономиканың өсуін ынталандыру мәселесін Министрлік ерекше бақылауға алатын болады.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов өз баяндамасында елімізде іскерлік белсенділік индексі өткен айда 49,7 белгісіне дейін жақсарғанын атап өтті. Бұл көрсеткіш қызмет көрсету секторында – 50,6, өндірісте оң аймақта қалып, 50,5-ті құрады.
«Бизнес-климат индексі оң қалпында қалды. Оған кәсіпорындардың болашақ бизнес жағдайлары бойынша күтулерінің жақсаруы ықпал етіп отыр. Қаңтар айында жылдық инфляция 9,5%-ға дейін баяулады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияның төмендеуі биылғы қаңтар айында базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Ол қаңтарда 50 базалық тармаққа 15,25%-ға дейін төмендетілді. Ал жылдық инфляцияның төмендеу қарқыны баяулап келеді. Қаңтар айындағы айлық инфляция алдыңғы орташа мәндерден жоғары қалыптасты. Қалыптасқан инфляциялық ахуал дезинфляциялық саясаттың жалғасуын талап етеді», — деді А. Баймағамбетов.
Ұлттық банк басшысының орынбасары биыл қаңтар айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 448,17 теңгеге дейін 1,4%-ға нығайғанын айтты. Жыл басынан Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату теңгеге едәуір қолдау көрсетті. Оның көлемі 1 млрд-тан астам АҚШ долларын құрады. Жыл басынан мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің капитал ағыны $194 млн болды.
Ұлттық қордан валюта сату көлемінің өсуіне және сату көлемінің теңге бағамының конъюнктурасына әсер етуіне байланысты салымшылар мүддесі үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялауға белсенді түрде валюта сатып алу туралы шешім қабылданды. Осыған орай ақпан айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына валюта сатып алу көлемі $200 млн-нан $400-500 млн-ға дейін ұлғайды.
Ұлттық банк икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады және валюталық интервенциялар жүргізбейді. Жалпы халықаралық резервтер қаңтар айының соңында $96,1 млрд-ты құрады.
Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан $36,7 млрд-қа дейін 1,9%-ға ұлғайды. Ұлттық банктің валюталық шоттарында екінші деңгейлі банктердің қаражатынан мол қалдық қалған еді, бұл – соған байланысты.
Ұлттық қордың активтері жыл басынан 1%-ға төмендеп, $59,4 млрд-ты құрады. Бұл төмендеу «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша міндеттемелерді есептеуге байланысты. Дегенмен, қаңтар айындағы инвестициялық табыс 18 базалық тармақты немесе $0,11 млрд-ты құрады.
Қаңтар айында Ұлттық қорға түскен қаражат 472 млрд теңгені құрады, оның ішінде 31 млрд теңге – ұлттық валютада. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі 600 млрд теңге болды.
«”Ұлттық қор – балаларға” жобасы аясында бағдарлама операторы саналатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігінің деректер базасымен балалардың жалпы санын салыстырып тексерді. Барлық балаға валюталық шоттар ашылды. Өмірге жаңа келген балаға шот ашу процесі автоматтандырылды. Жыл сайын қаражат аудару механизмі әзірленді. Биыл барлық баланың шотына $696 млн есептелді. Осы жылы бағдарлама операторының (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының) шотына 2024 жылы кәмелетке толған балаларға $30,6 млн аударылды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері оң динамика көрсетіп отыр», — деп атап өтті ҚРҰБ төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, ЖЗҚ зейнетақы активтері де оң динамика көрсетіп отыр: қаңтар айында 18,1 трлн теңгеге дейін 1,5%-ға өскен. Жыл басынан инвестициялық табыс көлемі 112,6 млрд теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 186,9 млрд теңге, ал жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 34 млрд теңге болды.
«Ұлттық банк сыртқы және ішкі нарықтардағы жағдайдың дамуын бақылап, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляцияны одан әрі төмендету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады», — деп қорытындылады сөзін А. Баймағамбетов.
Биылғы қаңтар айында мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері туралы ҚР қаржы министрі Мәди Тақиев баяндады. Ол мемлекеттік бюджетке шамамен 1 трлн теңге (жоспар 111,5% орындалды), республикалық бюджетке 521 млрд теңге (жоспар 78,4%-ға орындалды) түскенін атап өтті. Кірістер бойынша жоспардың орындалмауы 143 млрд теңгені құраса, оның ішінде салықтар бойынша – 151 млрд теңге.
«Биыл экономиканың үздіксіз өсуіне қарамастан, негізгі экспорттық тауарларға бағаның төмендеу үрдісі сақталуда. Мәселен, осы жылдың қаңтар айында металлдың бағасы орта есеппен 10,3%-ға төмендеді. Бағаның төмендеу факторы, сондай-ақ ірі компанияларда туындаған логистика мен өткізудегі қиындықтар республикалық бюджеттің негізгі салықтары бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалмауына әсер етті. Бұл – корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы. Бұл ретте қаңтар айынан бастап біз қосылған құн салығы бойынша өткен кезеңнің борыштарын қайтарып жатырмыз», — деп баяндады М. Такиев.
Қосылған құн салығын қайтаруды жеңілдету және жеделдету үшін Министрлік бірінші тоқсанның соңына дейін қосылған құн салығын қайтару қағидаларына тиісті өзгерістер енгізетін болады. Жергілікті бюджеттердің кірістері 191,3%-ға атқарылды және 526 млрд теңгені құрады. Жоспар 251 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 223 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,9%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 97,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 94,5%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 1,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау сомасы 33 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемделген сома 13 млрд теңге. Игерілмегені – 20 млрд теңге.
Ең көп игерілмеу сомасы мәдениет және ақпарат, экология және табиғи ресурстар, ішкі істер, қорғаныс министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар; конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт өткізу.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 422 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны – 24 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,8 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 ақпанға 6 млрд теңге бөлінген. Олардың 83,5%-ы игерілген. Неғұрлым көп игерілмеу: Түркістан, Алматы, Жамбыл және Атырау облыстарында қалыптасты.
2024 жылғы қаңтарда 1,8 трлн теңгеден астам сомаға 75 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындыларына сәйкес, 9561 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит нысандары бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 84%-ын орындады.
Бұдан басқа, 408 млрд теңге бюджет қаражатына 118 аудиторлық іс-шара өткізілді. 4,8 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Министрлік бюджет қаражатын, мемлекет активтерін және квазимемлекеттік сектор субъектілерін басқару мен пайдалану тиімділігін, оның ішінде енгізілген цифрлық құралдарды кеңейту есебінен арттыру жұмыстарын жалғастырады.
Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 657 нысанды сату көзделген. Кешенді жоспарды іске асыру басталғаннан бері 330 млрд теңге сомаға 383 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді және 70 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді.
Бүгінде, 25 нысан сатуға қойылған болса, 179 нысан сату алдындағы дайындықта тұр. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай.
Үкімет отырысында ең аз макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілген өңірлер де тыңдалды. Әкімдер жағдайды қалай түзетуге ниетті екендіктерін хабарлады.
Мәселен, биылғы қаңтар айында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3,3%-ға, ауыл шаруашылығы 1,9%-ға, инвестиция 20%-ға, құрылыс 18,2%-ға төмендеді.Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аграрлық саладағы өнім көлемінің азаюына үй шаруашылығындағы мал базасын нақтылау негізгі себеп болғанын түсіндірді. Шаруалардың 4 мың бас импорттық малды сатып алу және «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тұрғындардың 400 бас малға ие болуы ет өндіру көлемін және мал басын көбейтуге мүмкіндік береді.
Облыста 18 сүт фермасы салынуда. Оның 7-еуі биыл іске қосылады. Осының арқасында ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 3-4%-ға өседі. Өнеркәсіпте төмендеуге бірнеше себеп әсер етті. Олар – «Единство» серіктестігінде бетон мен темір-бетон өндірісінің азаюы және қондырғыларды жөндеуге байланысты «BioOperations» зауытының уақытша тоқтап қалуы.
Былтырғы ауа райының қолайсыздығы өңір диқандарының қаржылық жағдайына да әсер етті. Тиісінше, техника сатып алу жоспары орындалмады, сондықтан инвестиция көлемі азайды. Құрылыс жұмыстарының төмендеуіне «ЮДА групп» және «СЕВКАЗЭНЕРГО» серіктестігінің жобаларды уақтылы іске асырмауы және созып жіберуі әсерін тигізді.
Өңдеу өнеркәсібінде және агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен бірінші тоқсан қорытындысы бойынша барлық салаларда өсу қарқыны қамтамасыз етіледі.
Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі көлік және қоймалау көлемі – 15,5%-ға төмендегенін (2024 ж. қаңтарда - 40,8 млрд.тг; 2023 ж. қаңтарда - 43,9 млрд.тг) жеткізді. Бұл жағдайдың негізгі себебі – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушылар ағыны мен теңіз арқылы тасымалданатын жүк көлемінің төмендеу есебінен орын алды. Бұған ауа райының қолайсыздығынан құрлықта және теңіздегі дауылды жағдайларға байланысты көлік қатынасының азаюы әсер етті, оның ішінде Құрық порты – 14 тәулік, Ақтау теңіз солтүстік терминалы – 8 тәулік, Ақтау теңіз порты – 7 тәулік бойы жұмысы тоқтап тұрды. Бірінші тоқсанның қорытындысымен жағдай реттеліп, оң динамика қамтамасыз етіледі деп күтіледі.
Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі – 18,1%-ға және тұрғын үйді іске қосу қарқыны – 42,2%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштің төмендеуі келесі объективті себептерге байланысты:
біріншіден, облыс орталығындағы жаңа шағын аудандарда көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салу үшін инфрақұрылым қуатының тапшылығы теріс әсерін тигізіп отыр, оның ішінде МАЭК кәсіпорнында өндірілетін су, жылу, электр қуатының жетіспеушілігі. Бұл мәселені шешу бойынша Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен бірқатар шаралар кешенін іске асырылуда;
екіншіден, Ақтау қаласының бас жоспарына сәйкес көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салу үшін инженерлік инфрақұрылыммен толықтай қамтылған жер учаскелерінің дайын болмауына байланысты қалыптасты.
2024 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын төмендетпеу бойынша нақты шаралар қабылданып, әр сала бойынша оң динамика қамтамасыз етілетін болады. Ол үшін өңірде толық мүмкіндіктер бар.