Қорғаныс министрлігі соғыс ардагері Раиса Сафоничеваны көктем мерекесімен құттықтады
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев бастаған әскери қызметшілер Ұлы Отан соғысының ардагері Раиса Сафоничевамен кездесті.
Биылғы шілде айында Раиса Егоровна 98 жасқа толады. 1943 жылы Минскіде қысқа мерзімді байланыс курсын аяқтағаннан кейін ол 2-ші Украина майданына жіберілді. Киевтен басталған жорық жолы Будапештте аяқталып, сол жерде Жеңісті қарсы алды.
Раиса Егоровна Сафоничева II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталған.
Раиса Сафоничева мен Мұқан Дүйсекеевтің екеуі де жауынгерлік тәжірибеге ие. Раиса Егоровна – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Мұқан Естайұлы – Ауғанстанда аты аңызға айналған полковник Борис Керімбаевтың жасағында ұрыс қимылдарына қатысқан. Сол себепті де қос ардагердің жастар тәрбиесіне қатысты әңгімелері жарасып кетті.
Кездесу соңында қорғаныс ведомствосының өкілі Мұқан Дүйсекеев Раиса Сафоничеваны көктем мерекесімен құттықтап, оған мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Ардагерге Қорғаныс министрінің атынан «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 30 жыл» медалін табыс етті.
Өз кезегінде Раиса Егоровна қорғаныс ведомствосының басшылығына ризашылығын білдірді.
Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің әртістері сыйлаған гүл мен аккордеонда орындаған музыкалық композициялар ардагердің көңіл-күйін көтерді.