Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Елорда төрінде киелі Абай елінің киіз үйі тігілді

7-09-2024, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ұлы даланың ұлылығы, ежелгі дәстүрлердің байлығы мен көшпелі мәдениеттің мәңгілік рухы жаңғырады. Бұл ерекше шара өткен мен бүгінді байланыстырып, мәдени мұраны сезінуге мүмкіндік береді.

Астанадағы 10 гектар аумақта, «Қазанат» ипподромының жанында «Көшпенділер Әлемі» атты этноауыл өз жұмысын бастады. Бұл жерде әрбір қонақ қазақ халқының бай мәдениетімен және көшпенді халықтардың ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алады. Күн сайын этноауылда қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлерін көрсететін «Шаттық керуені» шеруі өтеді.

«Өнер ордасы» атты басты сахнада күн сайын 12:00-ден 17:00-ге дейін еліміздің үздік аймақтық ұжымдарының өнер көрсететін «Думанды дала» концерттері ұйымдастырылып, этнофольклорлық ансамбльдер мен би ұжымдары дәстүрлі этникалық стильде өз өнерлерін паш етеді.

Этношатыр алаңында қолөнер шеберлері мен дарындылардың туындыларын тамашалауға болады. Ал күн сайын сағат 14:00-де еліміздің үздік айтыскерлері домбыра мен сөз өнерінде айтысқа түседі. Абай облысынан «Assyl Dombyra» иегері Айбек Жеңісқазин мен республикалық және облыстық ақындар айтысының жүлдегері Қуандық Кенжебекұлы өнер көрсетеді.

Бүгін этноауылда Абай облысының киіз үйіне келушілердің қарасы қалың болды, себебі бұл жерде жасанды интеллект мүмкіндіктері таныстырылды. Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысы бойынша «Abay Media Group» ЖШС ұлт зиялылары мен Алаш қайраткерлерінің бейнелерін нейрожелі арқылы жандандырып, оларды қозғалысқа енгізді.

Сонымен бірге, «Abay IT Valley» технологиялық кластері мен «Abay Media Group» ЖШС бірлесе отырып, қасиетті жерлер мен киелі орындардың 360 градус нұсқадағы виртуалды көріністері мен голограммаларын әзірледі. Бұл технологиялық жаңалықтар V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысқан қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Абай облысының киіз үйіне келушілерді Абай атындағы қазақ-музыкалық драма театры мен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының әртістері қарсы алып, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының қызметкерлері киіз үй ішіндегі жәдігерлер мен арнайы мәдени бұрыштарды таныстырды.

Бұл шара көшпенділердің бай мәдениетін қазіргі заманмен байланыстырған ерекше оқиға ретінде ел есінде қалары сөзсіз.

Сонымен қатар, этноауылда «Шығыс базары» ашылып, қазақ ұлттық тағамдарын ұсынатын мейрамханалар желісі жұмысын бастады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив