Семейліктер «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді қатысуда
Бүгін Семейде «Таза Қазақстан» аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Айта кетейік, бұл акция аясында күз мезгілінде ұйымдастырылып отырған алғашқы сенбілік. Сенбілікке қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік ұйымдардың, жоғары және орта оқу орындарының, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарының қызметкерлері, жеке сектордың үй иелері шықты.
Санитарлық тазалауды және қоқысты жинауды қамтамасыз етуге арнайы техника, оның ішінде 10 тиегіш пен 40 жүк көлігі жұмылдырылды.
Сағат 12:00-де сенбілікке қатысушылар жинаған 50 тоннадан астам қоқыс полигонға шығарылды.
«Таза Қазақстан» аясында кездейсоқ қоқыстарды шығару, жол жиектерін және тротуарларды тазалау, қоқыс жәшіктерін тазарту, ірі көлемдегі қалдықтарды шығару, арамшөптерді жұлу, қаланың барлық көшелерінің бойындағы жолдарды жуу жұмыстары жоспарлы түрде күнделікіт түрде жүргізілуде.
Сонымен қатар көп қабатты тұрғын үй аулаларын жөндеу және қасбетін сырлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, 50 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын және 4 қоғамдық орынды абаттандыру жоспарлануда.
Семей қаласының әкімдігі бүгінгі сенбілікке қатысқан қаламыздың барлық қамқор тұрғындарына өз алғысын білдіреді. Тазалық өзімізден басталады.