Жаңа білім ордасы барлық заманауи оқу талаптарына сай келеді және жаңа технологиямен жабдықталған. Енді бар болғаны бір жыл ішінде 3,6 га аумақта бой көтерген кең де қолайлы ғимаратта болашақ IT мамандары білім нәрімен сусындайтын болады.
Су жаңа білім ордасы KAZ Minerals Тобының қаржысына салынған. Бөлінген сома аз емес – 9,2 млрд теңге! Бұл ақшаға компания ғимарат тұрғызып қана қоймай, мектепті барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етті.
Мұнда физика, химия, биология, информатика, мультимедиалық бөлмелер, графика және модельдеу кабинеттері және зертханалар, телестудия, смарт-класстар, 3D-принтер және робототехника кабинеттері бар.
Сондай-ақ, мектепте бастауыш, орта және жоғарғы сынып оқушыларына арналған жеке үш кіру есіктері қарастырылған атап өткен жөн. Қауіпсіздік үшін 200 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал ғимаратқа тек арнайы турникет арқылы кіруге болады. Оқу орны антитеррорлық қорғаныс жүйесіне жалғанған. Мектеп құрылысына қазақстандық мердігерлер тартылып, жұмыс барысында отандық өндірушілердің өнімдері пайдаланылды.
Лицейдің негізгі бағыты жаратылыстану және математика ғылымдарын, бағдарлама құру, жасанды интеллект, робототехника және ағылшын тілін кәсіби тұрғыда үйрену пәндерін қамтиды.
- Мектепте 1200 орын бар, ал біз 1415 оқушыны қабылдадық. Сол себепті екі ауысымда оқу жүйесін қарастырудамыз. Мектепке дейінгі дайындықтан өткізетін екі топ ашу да жоспарда бар. Облыс орталығына Қала күнінде осындай керемет сый жасаған KAZ Minerals тобына алғысымыз шексіз. Тамызда мұғалімдерге конкурс жариялап, оған қатысқан 300 шақты үміткердің арасынан 88 оқытушы іріктеп алдық. Одан бөлек маңайдағы мектептерден бізге 40 ұстаз ауысып келді. Десек те лицейге әлі де информатика, математика, физика пәндерінің оқытушылары жетіспеуі себепті қосымша конкурс жарияланды, - дейді №50 IT-мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Нартай Шолтықов.
Мектептің ашылу салтанатынан кейін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев оқу орнының жабдықталуымен танысты.
- Бізде бұрын мұндай мектеп болған емес. Алда әлі талайы тұрғызылады, бірақ бұл мектеп - солардың алғашқысы, - деді Нұрлан Ұранхаев.
- Мектеп ауқымды үш қабаттан тұрады. Физика, химия, биология, мультимедиалық, графика және модельдеуге арналған кабинеттер бар. Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалған. Біз еліміздің шынайы патриоттарын тәрбиелейміз. Лицей ғимаратында бейнекамералар орнатылған. Әр оқу бөлмесінде сабаққа қажетті интерактивті құралдар бар, - деп әсерімен бөлісті ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Асира Садықова.
Компания өкілдері мектеп құрылысы - KAZ Minerals Тобының бәсекеге қабілетті, тиімділігі жоғары адами капиталды дамыту жолындағы ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асырудағы жаңа кезең екенін атап өтті.
- Біздің компания әлеуметтік бағытты ұстанады, сол себепті әлеуметтік саланы дамытуға қомақты қаржы жұмсаймыз. Бұл саладағы барлық жұмыс жергілікті атқарушы билікпен талқыланып, аймаққа қажетті жобалар және олардың тиімділігі талданады. Сондай жобалардың бірі – заманауи мектеп құрылысы. Біз бұл оқу орнының сұранысқа ие болып, ұлы Абайдың отанында білім деңгейін жаңа сатыға көтереріне және Семейдің мақтанышына айналатынына сенімдіміз, - деп мәлімдеді KAZ Minerals Demeu корпоративтік қорының директоры Руслан Қасенов.
- Семейдегі оқу орнының тапшылығы 5000-нан асады. Жаңа мектептегі шәкірт саны 1415. Қазір біздің өңірде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аясында тағы екі мектеп салынып жатыр. Осылайша біз аймақтағы оқу орнының жетіспеушілігін азайтамыз, - дейді Семей қаласы Білім бөлімінің басшысы Біржан Булабаев.
Екінші сыныпта оқитын Айбын Дүйсенханов та өзінің жаңа оқу жылында жаңа мектепте оқитынына қуанышты. Балақай робототехника пәнінің басталғанын асыға күтуде. Ол роботехника кабинетіндегі жабдықтармен жұмыс істеуді армандап жүргенін жасырмайды.
Жаңа мектеп жайлы әсерімен бөліскендердің бірі екі оқушының анасы Мадина Намазақова.
- Біз де осында ауыстық. Бұған дейін балаларым екі түрлі мектепте оқып келді. Мені қуантатыны – жаңа орында сабақтардың қос тілде оқытылатыны. Бір балам қазақ сыныбына, екіншісі орыс сыныбына барады. Мектептің тағы бір басымдығы – академиялық білімнен бөлек, IT саласын тереңдетіп оқытатындығында. Бұл саланың қазіргі тірлікте алар орны ерекше. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселесіне де баса көңіл бөлінген. Ғимарат аумағы толығымен бейнебақылауда. Арнайы өткізу жүйесі бар. Тағы бір атап өтетіні – заманауи роботехника мен информатика кабинеттері, - дейді Мадина Намазақова.
Тағы бір атап өтетін жайт – KAZ Minerals Тобының соңғы жылдары аймақтағы жоғары және орта білім беру мекемелерімен әріптестік орнату арқылы отандық білім беру саласына қолдау көрсетіп келе жатқаны. Жыл сайын талантты түлектерге гранттар бөлініп, компанияның кәсіпорындарында жалақысы төленетін кәсіби тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі және жергілікті тұрғындарды жаңа кәсіпке баулу бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жаңа мектептің ашылуы арқылы бұл процесс орта білім беру саласын да қамтыды деуге негіз бар.