Сенат төрағасы: атом генерациясы таза және қауіпсіз энергия көзін қамтамасыз етеді
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының мүшелері Абай облысына келді.
Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар бар. Олар референдумға орай жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен, білім беру саласының мамандарымен және коммуналдық қызметтер саласындағы еңбек ұжымдарымен кездесті.
Кездесулерде экологиялық және экономикалық проблемаларды шешу жолында АЭС салудың маңызы сөз болды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазіргі таңда климаттың өзгеруіне және экологияның нашарлауына байланысты бүкіл әлем түрлі сын-қатермен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. Сондай-ақ ол уақыт өткен сайын электр энергиясының тапшылығы артып отырғанын тілге тиек етті.
Бүгінде еліміздегі энергия өндірісінің негізгі көлемі, яғни 70 пайыздан астамы көмір электр стансаларына тәуелді. Кездесуде энергия өндірісін арттырудың және оның экологияға әсерін азайтудың маңызына, бұл жолда атом электр стансасын салу ең тиімді қадамдардың бірі екеніне де баса мән берілді.
Штаб мүшелері «Приречное агрофирмасы» ЖШС-ның базасында облыстағы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен жүздесті. Одан бөлек, «Эйкос» ЖШС-ның кәсіпкерлерімен және қызметкерлерімен, сондай-ақ, коммуналдық сектор кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулер өткізіп, аталған мәселелерді кеңінен талқылады.
Білім беру саласының қызметкерлерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев АЭС салу мәселесіне кешенді көзқарас қажет екенін айтты. Бұл ретте жаңа технологияларды зерделеу және өндіріске инновацияны енгізу маңызды. Сонымен бірге Сенат Төрағасы дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіретін қасаң қағидалардың салдарына да тоқталып өтті.