Қазақстанның бастамасымен ЕАЭО техрегламентінің табиғи газды тасымалдауға қатысты нормаларының мерзімі ұзартылады
Онлайн форматта өткен ЕЭК Кеңесіне қатысушылар ЕАЭО техникалық регламентінің «Тасымалдауға және пайдалануға дайындалған жанғыш табиғи газдың қауіпсіздігі туралы» өтпелі ережелерінің мерзімін ұзартуды мақұлдады.
Кеңес отырысында ұсынысты вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық тарап көтерді. 2018 жылы қабылданған техникалық регламент нормалары 2025 жылдың 1 қаңтарға дейін өтпелі кезеңді белгілеген табиғи газды сәйкестігін бағалаусыз және таңбалаусыз өндіру және айналымға шығаруға белгіледі.
«Теңізшевройл» ЖШС өндірген табиғи газды техникалық регламент талаптарына сәйкестендіру үшін кәсіпорынға жеткілікті уақыт пен көп капиталды керек ететін салымдар қажет. Бұл қолданыстағы зауыт жабдықтарына елеулі өзгерістер енгізу қажеттiлiгiне байланысты. Жұмыстар жоспарлы күрделі жөндеу кезеңінде ғана жүргізілуі мүмкін, оның жалпы ұзақтығы шамамен 10 жыл болады. Сонымен қатар Теңіз кен орнының аумағында қуаты 9,1 млрд м3 құрғақ газды өңдейтін газды сепарациялау кешенінің құрылысы жобасы іске асырылуда. Аталған зауыттың өнімі табиғи газды тасымалдау қауіпсіздігі бойынша ЕАЭО техникалық регламент талаптарына сай болады.
Өтпелі ережелер мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту туралы шешімді ЕЭК Алқасы қабылдайды. Бұл шешім «Теңізшевройл» ЖШС-ның үздіксіз қызметін қамтамасыз етеді және елдің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызы зор.
ЕЭК Кеңесінің отырысында қайтаруға жататын электрондық сауда тауарларын сәйкестендіру тәртібі де мақұлданды. Тәртіп тауарға немесе таңбалауға арнайы штрих-код қою рәсімдерін қарастырады, соның арқасында ол электронды сауда операторының ақпараттық жүйесінде сәйкестендіріледі. Сондай-ақ кеден ісінде электрондық сауда операторы мәртебесіне операторлар тізіліміне енгізу үшін үміткердің кемінде Є500 мың салу керектігі туралы шешім қабылданды. Электронды сауда операторының функцияларына электронды сауда тауарларын тасымалдауға, сақтауға және декларациялауға байланысты әртүрлі кедендік операцияларды орындау кіреді.
ЕЭК Кеңесі биологиялық белсенді қоспаларға, сыра және сыра сусындарына таңбалау енгізу туралы шешім қабылдады. Таңбалаудың енгізілу күні мен тәртібін ЕАЭО мүше мемлекеттер өздері анықтауы тиіс.
Белгілі болғандай, таңбалау тұтынушыларға тауардың айналымда заңды екенін тексеруге және ол туралы барлық қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар таңбалау мемлекеттік органдарға тауар қозғалысы туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді, бұл өнімдердің заңсыз айналымының көлемін азайтуға жағдай жасайды. Бұдан басқа, салық жинау көрсеткіштері мен нарықтың ашықтығы артады.