Қостанай облысында сүт пен астықты терең өңдеу жобалары енгізілуде
Жаңа өндірістердің арқасында өңірде лизин, крахмал, биоэтанол өндіріле бастайды және қатты ірімшік өндірісі бір жарым есеге артады.
Вице-премьер Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Қостанай облысының аграрлық кәсіпорындарына барды. «Үлкен жоба» бойынша жылдық 2,5% жеңілдікпен несие алған жаңа тауарлы сүт фермаларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Восток-1» ЖШС 1,2 мың мал басына арналған жобаны аяқтап жатыр. Компаниялар тобы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен, тұқым селекциясымен, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын өндірістерді біріктіреді. Тауарлы сүттің алғашқы партиясын 2025 жылдың қаңтарында алу жоспарланып отыр. Толық қуатқа шыққанда шаруашылық тәулігіне 30 тонна сүт өндіретін болады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл Қостанай облысында «Үлкен жоба» бойынша салынатын алғашқы заманауи ферма екенін атап өтті. Аталған жоба аясында өңірде алты ТСФ салынуда, олардың үшеуі биыл, ал үшеуі келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы облыс бойынша 2023 жылы 202 мың тонна сүт өндірілді, оның 172 мың тоннасы немесе 85%-ы қайта өңделді. Биылғы 8 айда 165 мың тонна сүт өндірілді, 140 мың тонна (84%) өңделген. Сонымен қатар биыл «Милх» ЖШС – ірімшік өнімдерін шығаратын зауытты іске қосу жоспарлануда, онда ірімшіктің 20 түрі шығарылады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 2 мың тонна, бұл өңірдегі ірімшік өндірісінің көлемін бірден 1,5 есеге арттырады.
Меңдіқара ауданында вице-премьер «Каменскуральск» ЖШС-ның жобалық қуаты жылына 2,3 мың тонна сүтті құрайтын 400 мал басына арналған ТСФ құрылысымен танысты. Ферманы келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Харьковское ауылында «Қарқын» агрофирмасының ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық сорттары тұқымын өндіру желісін салу бойынша жоба аяқталуда. Мұнда қуаты сағатына 10 тонна тұқым тазарту бойынша құны 430 млн теңге тұратын Қазақстандағы жалғыз PETKUS жабдығы орнатылды. Кәсіпорын Харьков ауылының әлеуметтік тіршілігіне белсенді қатысады, үйлер, әлеуметтік-мәдени нысандар салып, көшелерді көркейтеді. Тек соңғы екі жылда агрофирма ауылдың әлеуметтік нысандарына 120 млн теңге жұмсады.
Қостанай облысында саумал негізінде косметика өндіріледі: «S-Agro-Borovskoe» ЖШС өткен жылы Каменскуральск кентінің маңында бие сүтін сублимациялау зауытын іске қосты. Бұл – Local food брендімен құрғақ саумал шығаратын Zollmann неміс компаниясымен бірлескен кәсіпорын. Неміс сублимация технологиясы арқылы жаңа сауылған бие сүтін -72°C температурада мұздату – оның барлық пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 120 кг құрғақ сүт шығаруға жетерлік. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында «S-Аgro-Borovskoe» 5 тонна құрғақ сүт өндіріліп, оны Астана және Алматы базарларына және дәріхана желілеріне жеткізілді. Кәсіпорын басшысы Амангелді Сарбасовтың айтуынша, биыл саумал негізіндегі косметика өндірісіне арналған жабдықты (қолға, бетке арналған крем, сабын, сусабындар және т.б.) орнатуды жоспарлап отыр. Неміс серіктесі Zollmann бұл косметиканы Еуропада шығарады, ол үлкен сұранысқа ие, бірақ Германияда өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жоқ.
Серік Жұманғарин «S-Аgro-Borovskoe» ЖШС иесіне аталған жобаны кеңейтуді ұсынды. Экспортқа жылқы етін өткізу нарығы өте тар екенін ескере отырып, құрғақ бие сүті негізінде өнім өндіру – Қазақстанда жылқы шаруашылығын одан әрі дамытудың нақты перспективасы. Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне жаңа өнімді Қытай нарығына шығаруға жәрдемдесуді тапсырды.
Қостанай облысында астықты терең өңдеудің экономикалық тиімділігі есептелді. Егер 1 тонна ұнның құны 120-130 мың теңгені құраса, онда терең өңделген өнімнің құны – 350-541 мың теңге болмақ. Бұдан басқа, астықты терең өңдеу Қазақстанда негізінен импортталатын жаңа өнімдер өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Мысалы, аминқышқылдары, глютен, лизин, крахмал, биоэтанол және басқалар. Мұндай жобамен «Qostanai Grain Industry» ЖШС айналысады. Өңдеу қуаты – жылына 415 мың тонна астық. Жобаны іске қосу 2027 жылға жоспарланған, 650 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір жоба инжиниринг сатысында.
«Бірінші кезеңде біз лизин, одан әрі аминқышқылдары және басқа да терең өңдеу өнімдерін өндіретін боламыз. Өткізу бойынша проблема жоқ сияқты, Қазақстанда бүкіл лизин импортталады. Инвестициялық шығындарды өтеу бойынша шектеулер бар. Инвестициялық шығындарды өтеуді ұлғайтуға болатынын білгім келеді» — деді «Qostanai Grain Industry» ЖШС директоры Айдархан Сәрсенбаев.
Сол күні вице-премьер «Аруана-2010» ЖШС диірмен кешенін салу барысымен танысты, Орталық Азияда «Саламат» ЖШС ең ірі диірмен кешеніне барды, онда ұн өндірудің барлық процесі толық автоматтандырылған. Сондай-ақ вице-премьер «Олжа-Астық» ЖШС элеваторының басшылығымен Маңғыстау облысындағы Бейнеу терминалы арқылы Гератқа (Ауғанстан) астық жеткізудің келешегін талқылады.