Атырауда жасанды интеллектті пайдалана отырып салалық міндеттерді шешуге арналған KMG Digital Hackathon өтті
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «KMG Digital» ЖШС қолдауымен екі күндік KMG Digital Hackathon өтті. Қатысушылар мұнай-газ саласындағы өзекті міндеттерді шешуге арналған жасанды интеллект технологияларына негізделген цифрлық шешімдерді әзірледі.
Хакатонға Атырау, Алматы және Ақтөбе қалаларынан 20 команда қатысты. Олардың қатарында С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің, Satbayev University-дің, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Heriot-Watt University халықаралық кампусының студенттері, сондай-ақ APEC PetroTechnic колледжі мен Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің білім алушылары болды.
Жұмыс екі бағыт бойынша жүргізілді: «Персоналды басқару (HR)» және «Геология». Екі күн бойы командалар салалық сарапшылардың, KMG Digital мамандарының және менторлардың кеңесімен интеллектуалды жүйелердің прототиптерін әзірледі.
Корпоративтік процестерді автоматтандыруға және геологиялық деректермен жұмыс істеудің тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар ерекше қызығушылық тудырды.
«Персоналды басқару (HR)» бағыты бойынша Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Prompt командасы жеңімпаз атанды. Команда ҚМГ-ның жаңа қызметкерлеріне арналған Digital Buddy атты AI-көмекші жобасын ұсынды. Бұл шешім қызметкерлердің компанияға бейімделуіне көмектесіп, күн сайын жеке тапсырмалар ұсынып, корпоративтік рәсімдерді қарапайым тілмен түсіндіреді, ішкі құжаттарға қатысты сұрақтарға жауап береді және HR қызметіне қызметкерлердің бейімделу барысын бақылауға әрі жұмыстан шығу тәуекелдерін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
«Геология» бағыты бойынша С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Isteam командасы жеңіске жетті. Команда ұсынған GeoTrace жобасы – геологиялық құжаттарды іздеу және талдауға арналған интеллектуалды жүйе. Шешім PDF құжаттарын тану және геологиялық нысандар арасындағы байланыстар графын құру үшін заманауи мультимодальды жасанды интеллект модельдерін пайдаланады. Векторлық, лексикалық және графтық іздеу тәсілдерін біріктіру арқылы жүйе үлкен деректер массивтеріндегі күрделі көпсатылы сұрауларға жауап таба алады. Нәтижелер нақты дереккөздер мен құжат беттеріне сілтемелермен бірге ұсынылып, талдаудың ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Хакатон қорытындысы бойынша қатысушылар мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялауға, білімді басқару тиімділігін арттыруға, бизнес-процестерді автоматтандыруға және өндірістік қызметке жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған перспективалы шешімдерді ұсынды. Үздік жобалар «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының экожүйесінде пилоттық режимде іске асыру және одан әрі енгізу мүмкіндігі тұрғысынан қарастырылатын болады.