Мәжіліске Қырғыз Парламентінің спикері келді
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуде тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Мәртебелі мейманды қарсы алған Ерлан Қошанов қазақ пен қырғыз халықтарын ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар, сондай-ақ ғасырлар бойғы бауырластық біріктіретінін атап өтті. Сондықтан бүгінгі таңда екі ел арасында берік байланыс орнаған. Біздің халықтарымыздың болашағын да бөліп қарастыруға болмайды.
– Президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігерінің, сындарлы саясатының арқасында қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміздің басшылары достықты бекемдеп, бірлесе даму үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Ынтымақтастықтың одақтастық сипатын жоғары деңгейдегі кездесулер айшықтап отыр. Біз өз тарапымыздан мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Мәжіліс спикері.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлі ерекше екеніне назар аударды. Онда парламенттер басшылары деңгейінде әріптестіктің маңызды тақырыптары тұрақты түрде көтеріліп жүр. Мәжіліс төрағасының пікірінше, екі ел депутаттары туындаған барлық мәселені достық топтары мен салалық комитеттер деңгейінде талқылай отырып, уақтылы шешілуіне елеулі үлес қосып келеді.
Әңгіме барысында тараптар ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және ТүркПА сияқты көпжақты парламенттік алаңдардағы тиімді ынтымақтастыққа да тоқталды.
Ерлан Қошанов қырғыз әріптесіне соңғы жылдары Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді. Осы бағыттағы негізгі қадамның бірі жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы және оның қағидаттарының кейіннен Парламент қабылдаған заңдарда бекітілуі болды. Атап айтқанда, Жогорку Кенеш депутаттары «Президент туралы», «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» және басқа да конституциялық заңдардың негізгі ережелерімен танысты.
Өз кезегінде Марлен Маматалиев қазақстандық әріптестеріне қонақжайлығы үшін алғыс айтып, алдағы тамыз айындағы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жүргізу және өткізу ісіне табыс тіледі.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты сөз еткен Қырғызстан Парламентінің басшысы екіжақты тауар айналымының қазіргі серпініне қанағаттанатынын айтып, индустрияландыру, ауыл шаруашылығы, туризм және «жасыл» энергетика салаларындағы серіктестікті тереңдету перспективаларына тоқталды.
Кездесу барысында тараптар заң шығару саласында тәжірибе алмасуды және өңір үшін өзекті мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға уағдаласты. Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігі, су және энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір маңызды бағыты ретінде цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жайы айқындалды. Ерлан Қошанов ол үшін Қазақстан мен Қырғызстанның қажетті құқықтық және институционалдық негізі дайын екенін атап өтті. Екі елде де Цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллектіге негізделген инновациялық жобалар мемлекеттік органдардың жұмысына белсенді түрде енгізілуде. Бұл ретте тараптар осы салада да тәжірибе алмасуға келісті.
Қырғыз Парламенті делегациясының бағдарламасында ресми кездесулерден бөлек, Alem.ai жасанды интеллект орталығына, «Астана» халықаралық қаржы орталығына бару және елордадағы мәдени нысандарды аралау жоспарланған.