Жуа шіріп жатыр: Фермерлер экспортқа шектеуді алып тастауды сұрап, дабыл қақты
Қазақстандағы жуа өсірушілер экспортқа қойылған тыйымды алып тастауды сұрап, Ұлттық палатаға жүгінді. Олар ішкі нарыққа жуа жетеді, ал артығы шіріп жатыр деп дабыл қақты. Үкіметтен шұғыл түрде нарыққа қанша мөлшерде жуа керегін есептеп, артығын сыртқа сатуға рұқсат етуді талап етті.
Ұлттық палатаға Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының кәсіпкерлері жүгінді. «Алтай» ЖШС басшысы Нұрлан Нұрбековтың айтуынша, көктемгі егіс науқаны жақындап қалды, алайда былтырғы жуа әлі түгел сатылмағандықтан тұқым алуға қаржы жоқ. Оның үстіне жуа ұзаққа шыдамайтын өнім – бұзылса, шығынын ешкім өтемейді.
«Қазір біз алыпсатарларға 1 кг жуаны 150 теңгеден жеткізуіміз керек. Ал олар оны 300 теңгеден артық бағамен сатады. Сонда алыпсатарлар, тіпті логистикалық шығындарды шегергенде де, 1 кг-нан 120-130 теңгеден пайда табады. Ал жуаны өсіретіндерге егінге дайындалуға және келесі маусымға тұқым алуға ақша қалмайды», – деп шағымданды Нұрлан Нұрбеков.
Кәсіпкерлердің айтуынша, ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің қызметі іс жүзінде ірі бөлшек саудагерлердің мүдделеріне жұмсалады. Ал нарыққа өнім жеткізу мен бағаны ұстап тұрудың ауырлығы тек өндірушілерге түседі.
Сондай-ақ, фермерлер жағдай реттелмесе, алдағы уақытта жуа өсірмеуі мүмкін. Ал, бұл халыққа әлеуметтік маңызы бар тауар екенін ескерсек, нарыққа қауіп төніп тұр деуге болады.
«Біз онсыз да жыл сайын биліктің «ығына жығылып» тауардың бір бөлігін төмен бағамен сатамыз. Дәл осылай жалғасса, тыйым алынбаса, келесі жылға жуа еге алмаймыз», – деді кәсіпкер.
Сонымен қатар, Нұрлан Нұрбеков Қырғызстан жуа экспортына Қазақстаннан кеш тыйым салса да, қазір алып тастағанын атап өтті.
«Қырғызстан тыйымды бізден кейін қойды. Бірақ қазір алып тастады. Пиязды сонша уақыт сақтай алмайтынын, одан диқандар зардап шегетінін түсініп отыр», – деп қосты ол.
Палата бұл мәселеге қатысты Сауда және ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми хат жолдады және жауабын күтуде.
Еске салайық, уәкілетті мемлекеттік органдар 2023 жылдың қаңтарында пиязды шетелге шығаруға тыйым салған болатын.