Үлкен бизнеске жол ашатын бағдарлама
Бүгінде өздігінше кәсіп бастаймын деген азаматтарға мемлекеттен көрсетілетін қолдау көп. Сол қолдаулардың тиімділігін іске асырып жүргендердің бірі Темербеков Қайрат Маратұлы.
2023 жылы «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік курсын аяқтап, былтыр мемлекет тарапынан 1 млн 380 теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған. Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті іске қосу және дамыту мақсатында өтеусіз берілген бастапқы капитал. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда кәсіпкер Қайрат Маратұлы техникалық қызмет көрсету ісін қолға алып, автокөлік майын ауыстыру, диагностика, жөндеу жұмыстары бойынша кәсібін өрге дөңгелетуде. Алдағы уақытта өз кәсібін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Қажетті бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы бизнес бастауға көмектеседі. «Бастау Бизнес» жобасы нақты жұмыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған.
Осыған байланысты кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ауданымызда кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандар қатары толығып келеді.
Гүлім ЕРЛАНҚЫЗЫ