Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерге қойылатын талаптар күшейтілетін болады
Мүгедектігі бар адамдардың мүдделері мен құқықтарын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомство басшысының жергілікті атқарушы органдар жанындағы Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) мәселелері жөніндегі комиссиялардың қызметін регламенттейтін және техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін жеткізушілерге қойылатын талаптарды күшейтетін қолданыстағы НҚА-ға өзгерістер енгізу туралы бұйрығының жобасын әзірледі.
«Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы мәселелері жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 180 бұйрығына және «Тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу немесе оларды тіркеуден шығару, сондай-ақ тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жіберу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 285 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» порталында 22 қазанға дейін жария талқылау үшін орналастырылған.
Құжатта Әлеуметтік қызметтер порталында тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерді тіркеуге және жіберуге қойылатын талаптар күшейтілді. Санаторий-курорттық емдеу қызметтерін жеткізушілер Порталда санаторийлік-курорттық ұйымдардағы орындардың жалпы саны бойынша, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен оларды бірге алып жүрушілер үшін берілетін орындардың саны туралы ай сайын жалпы алғнада төсек-орындар санының кемінде 10%-ы көлемінде деректерді енгізуге міндетті.
Сонымен бірге бұйрық жобасында оларға бару арқылы жеткізушілерге мониторинг жасау көзделген. Осылайша, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін тауарлар мен қызметтердің өнім беруші мәлімдеген сипаттамаларының сәйкестігі тексерілетін болады.
Мониторинг сондай-ақ техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен немесе Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілген мүгедектігі бар адамдарға бару арқылы жүзеге асырылатын болады.
Бұдан басқа жергілікті атқарушы органдар жанындағы Әлеуметтік қызметтер порталы мәселелері жөніндегі комиссиялардың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына мүгедектігі бар адамдардың шағымдарын қарау мерзімі 10 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылады.
Жоғарыда көрсетілген талаптар Әлеуметтік қызметтер порталында тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер ретінде барлық қажетті талаптарға сәйкес келетін ұйымдарды ғана жіберуді қамтамасыз етеді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және олардың алушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Құжатпен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15226440.