Есімі мен еңбегі дәріптелді
1940 жылы негізі қаланған Абай музейінде отыз жылдан астам қызмет атқарған Мұздыбай Бейсенбаевтың туғанына биыл 95 жыл.
Бұл күнде қаламыздағы басты руханият шаңырағының қазақ үшін маңызы қандай зор болса, осы музейдің жәдігерін түгендеп, қазынасының толысуына саналы ғұмырын арнаған Мұздыбай Бейсенбаевтың да сіңірген еңбегі ерекше.
Осыған орай және Абай музейінің іргетасы қаланғанына 84 жыл толуына байланысты «Абай музейі және Мұздыбай Бейсенбайұлы» атты тағылымды кеш өткізіліп, арнайы көрме ұйымдастырылды.
Рухани мәні зор шараны ашқан музей директоры Ұлан Болатұлы ұлы ақын есімін қастерлеген руханият ордасының қалыптасып, жан-жақты дамуында Мұздыбай Бейсенбайұлының еңбегі ерекше екендігін атап өтті.
Кеш барысында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетов ғибратты ғұмыр иесімен Абай мұрасын насихаттап түгендеу мақсатында сапарлас болған сәттерін әңгімелесе, осы музейде ғылыми қызметкер болған Маржан Біржанқызы Мұздыбай Бейсенбайұлы қазаққа әйгілі ғалымдармен етене жақын араласып, олардың Семейдегі Абай музейіне назар аударуына әсер еткенін атап өтті.
Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбайдың айтуынша, Мұздыбай Бейсенбайұлы Абай музейіне 1968 жылы келіп, ғұмырының соңына дейін (2000 жылы дүниеден өткен) қызмет атқарған. Яғни, 32 жыл бойы абайтану ғылымының негізі қалыптасуына өлшеусіз еңбек еткен болмысы биік тұлға. Сол мақсаттағы ғылыми сапары Мәскеу, Омбы, Томск, Қазан, Ташкент қалаларында жалғасып, бірнеше айлап үй бетін көрмей, Абай мен әкесі Құнанбай Өскенбайұлына және замандастарына қатысты құнды деректерді жинаумен үздіксіз айналысқан. Соның нәтижесінде бүгінгі абайтану саласындағы ғалымдардың ізденістері ең алдымен Мұздыбай Бейсенбайұлы тауып, зерттеп, зерделеп кеткен рухани мұралардан бастау алады.
Айта кетейік, алдағы жылы Абай музейінің іргетасы қаланғанына 85 жыл толады. Осынау айтулы датада Мұздыбай Бейсенбайұлының есімі тағы да жаңғырып, еңбегі дәріптелері даусыз.