Армения Президенті Мәжіліске келді
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен кездесті.
Мәжіліс төрағасы Ваагн Хачатурянның елімізге алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Армения арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шарттың 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Ол сондай-ақ екі мемлекет басшылары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді жүзеге асыру үшін Қазақстан депутаттары қажетті барлық заңнамалық қолдауды көрсететінін айтты.
– Біз елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жолында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Армяндық әріптестерімізбен екіжақты негізде де, көпжақты форматта да ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық кеңес және басқа да алаңдар арқылы тығыз қарым-қатынас орнаттық, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов тұрақты түрде нәтижелі кездесулер өткізіп, көптеген мәселе бойынша тәжірибе алмасатын парламентаралық достық топтарының белсенді жұмысына ерекше назар аударды. Сондай-ақ шетелдік мейманды Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен қабылданған маңызды заңдар туралы ақпарат беріп, көппартиялы Мәжілістің бүгінгі жұмысына тоқталды.
Өз кезегінде Армения Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістерге жоғары баға берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Арменияның ұқсас әлеуметтік өзгерістерді бастан кешіріп жатқанын, осыған байланысты армениялық депутаттарды Қазақстанның заң шығару тәжірибесі қызықтыратынын атап өтті.
Соңында тараптар екі елдің бірлескен сындарлы жұмысы Қазақстан мен Армения арасындағы сенімді серіктестік пен жан-жақты іс-әрекетті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.