Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір: ғалымдар Қазақстандағы ғылым дамуын талқылады
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Шығыс Қазақстан облысында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында Президиумның көшпелі отырысын өткізді. Қатысушылар тұрақты экономика мен қоғамды құруға неғұрлым бағытталған тәсілді қолдана отырып, жаһандық мәселелерді жергілікті контекст арқылы қалай шешуге болатынын талқылады.
Отырысқа Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының әкім орынбасарлары, Павлодар облысы әкімдігінің басқарма басшысы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары қатысты.
Бүгінде Шәкәрім университеті, Семей медициналық университеті және Alikhan Bokeikhan University ғылыми зерттеулерге белсенді қатысады. Курчатов қаласының ядролық технологиялар саласындағы әлеуеті халықаралық деңгейде бұрыннан танылғанын атап өту маңызды. Ұлттық ядролық орталық пен ядролық технологиялар паркі ядролық медицина орталығымен ынтымақтастықты қоса алғанда, әлемдік жобаларды әзірлеуге арналған алаң болып табылады.
IT саласында кадрлар даярлау үшін жағдай жасалуда. Сондай-ақ, облыс орталығында биыл IT-лицей салынды, бейінді IT-колледжі қайта жаңартылды. Университет жанындағы IT-hub «ABAI IT-valley» жұмыс істейді. Жалпы, облыс жасанды интеллектті пайдалана отырып, білім беруде жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударады.
Отырыста ғалымдар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, бизнес және қоғам өкілдері арасындағы диалог орнап, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, идеялармен бөлісті. Қазақстандағы аймақтық ғылымды дамыту үшін бірлескен шешімдер әзірледі.
Көшпелі отырыс аясында өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылып, отырыс нәтижесі бойынша өңірлік ғылымды дамытуды шешуге бағытталған қарар қабылданды.