Абай облысында этностардың мәдени байлығын дәріптейтін «ЭтноХАЛЫҚ» фестивалі өтті
Абай облысында өткен «ЭтноХАЛЫҚ» фестивалі аймақтың тұрғындары мен әртүрлі этнос өкілдерін, сонымен қатар жастарды бір шаңырақ астына жинады. Іс-шара ұлтаралық қатынасты нығайтып, толеранттылық мәдениетін қалыптастыруды мақсат етті. Фестиваль барысында көрермендер мерекелік концертті тамашалап қана қоймай, «ЭтноХАЛЫҚ шеберханасы» алаңында түрлі ұлттардың қолөнер көрмесіне куә болды. Сонымен қатар, «Жастар ЭтноХАЛЫҚ» спорттық алаңында орта кәсіптік және жоғары оқу орындарының студенттері арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев фестивальдің маңыздылығын атап өтіп, бірлік пен ұлтаралық келісім еліміздің басты байлықтарының бірі екенін ерекше айтты.
Фестиваль қонақтары әртүрлі этностардың ұлттық киім үлгілерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Абай облысында достық пен келісімде өмір сүріп жатқан 50-ден астам этнос өкілдері бар. Ұлтаралық татулықты нығайту және Қазақстан халықтарының мәдениетін насихаттау мақсатында өңірде 5 достық үйі мен 49 этномәдени бірлестік қызмет атқарады.