«ADAL AS» компаниясына – 15 жыл!
Тамақ өнеркәсібі – ел экономикасының негізгі секторларының бірі. Әрі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды тармағы. Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен және таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алатын мемлекеттер қатарында. Елімізде тамақ өнеркәсібімен айналысатын шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді. Солардың бірі - «ADAL AS» компаниясы.
Өндірістік компанияның мақсаты - жасанды қоспасыз экологиялық таза өнімнен ұлттық тағамдарды өндіру. Ұлттық тағамның құндылығы мен құнарлылығын халыққа насихаттау, сапасын арттыру.
Биыл ұлттық өнімдер өндірумен елімізге кеңінен танымал компанияға - 15 жыл!
«Адал АС» сауда белгісімен өндірілген алғашқы өнім - бидайдан жасалған талқан. Талқан – тоқ, әрі тойымды тағам. Халықтың қиын-қыстау кездері талқанды талғажау еткені бабаларымыздың өткен жолынан, кешегі тарихымыздан белгілі. Бұл өнім ұзақ уақыт сақталатындықтан, көшпенділердің нағыз құнарлы, нәрлі тағамы болған. Қазіргі кезде осы талқанның негізінде дәстүрлі жентпен қатар, балмен араластарылған жент, заманауи талаптарға сай шоколадтағы жент түрлері өндіріледі.
Компанияда шығарылатын өнімдер ішінде бауырсаққа деген сұраныс жоғары. Жаугершілік заманда да бабаларымыз ат үстінде жүріп ұзақ сақталатын ашытқысыз бауырсақты пайдаланған. Бүгінгі күні тұтынушылардың талғамына сай бауырсақтың алуан түрі жасалады. Дәстүрлі той бауырсақ, жол бауырсақ, ши бауырсақтармен қатар соңғы уақытта шай бауырсақ пен қойдың құйрық майынан жасалған бауырсақтар да дүкен сөрелерінен лайықты орын алды.
Өндіріс орны халықтың денсаулығына пайдалы жаңа өнімдерді шығаруда. Соның бірі – «AS TAL» коктейлі. Ешбір қоспасыз дайындалғандықтан денсаулықты жақсартуға септігі мол. Ағзаны тазарту, күш-қуат беру, қан қысымын реттеу, қанның құрамындағы қант мөлшерін төмендету, салмақ азайтуда таптырмас табиғи таза өнім. Оның негізі - талқаннан құралған. Алматы технологиялық университеті Азық-түлік өнімдерінің сапа мен қауіпсіздігін бағалау ғылыми-зерттеу зертханасы мен «Alikhan Bokeikhan University» зертханасында зерттеуден өткен.
«Адал Ас» компаниясы облыс көлемінде ғана емес, сонымен қатар еліміздің тамақ өнеркәсібінің дамуына өз үлесін қосуда. Салық төлеу арқылы экономикамыздың ілгерілеуіне атсалысуда. Бүгінде компания 60-қа жуық өнім түрін шығарады. Барлық өнімдер сертификатталған. Тауарлар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Қостанай, Көкшетау қалаларында сатылады. Айта кетерлігі, кәсіпорын отандық және шетелдік көрмелерден шет қалған емес. 2021 жылы компания еліміздегі ірі тауар өндірушілердің қатарында Ресейдің Уфа қаласындағы бизнес форумға қатысып, әріптестік байланыс орнату туралы келісімге қол жеткізді. Нәтижесінде 2023 жылдың жаз айында 42 мың данадан астам 0,600 грамдық ши бауырсақ көрші мемлекетке жіберілді.
«ADAL AS» компаниясы жыл сайын ұйымдастырылатын «HALAL EXPO»-ның тұрақты қатысушысы. Бұған дейін өнімдерін Шымкент, Астана, Алматы қалаларында өткен көрмелерде көпшілік назарына ұсынған. Сондай-ақ ұлттық өнімдер Дубайдағы «Gulfood» халықаралық көрмесіне де қойылды.
2023 жылы ҚР Сауда министрлгі және «Qaz Trade» делегациясының құрамында Әзірбайжан мен Қытайдың Гуанджоу қаласындағы Кантон көрмесіне қатысты. 2022 жылдың ақпан айында «ADAL AS» компаниясы қазақстандық 28 кәсіпорынның қатарында Мәскеу қаласында «ПРОДЭКСПО» көрмесінде өз өнімдерін ұсынды. 2023 жылы желтоқсан айында Жапонияда ұйымдастырылған «FooDtech WeeK» Tokyo-2023 VIII халықаралық тамақ өнімдерін жасау және өндіру көрмесіне қатысты.
Компания 2023 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕБРР) бағдарламасына қатысып, өндірісті жаңарту, жұмысты тиімді атқару бойынша 2 жобаны жеңіп алды. Нәтижесінде, түрлі қондырғылар сатып алынып, тауарлық белгілерді брендтеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл «Даму» бағдарламасы арқылы жаңа ғимарат сатып алынып, қазіргі кезде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетерлігі, компания жұмысшылары жапониялық КАЙДЗЕН жүйесі бойынша, кезең-кезеңмен оқу-тренингтерге қатысып, оны жұмыс барысында қолданады.
«ADAL AS» компаниясының Құрылтайшысы Ермек Мезібаевтің айтуынша, бүгінде компанияда 60-тан астам адам еңбек етеді. «Адам – басты капитал» деген ұстанымдағы серіктестік, жұмысшылардың лайықты еңбекақымен қамтылып, еңбек демалысын тиімді өткізулеріне ерекше көңіл бөледі. Мысалы, табиғат аясында тимбилдингтер ұйымдастырылып, «Қоңыр әулие» сияқты киелі жерге, Шошқалы көліне барып-келудегі шығындар толығымен серіктестік есебінен төленеді. Мәдени дамуға да мән беріліп, ұжым болып театрдағы түрлі қойылымдарды тамашалайды. Соңғы 3 жылда компанияда ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан 17 адам «Сарыағаш» шипажайында компания есебінен тегін демалып қайтқан. 2023 жылы 3 адам Египетте және 3 адам Түркияда тынығып келген. Бұл еңбек адамына деген құрметтің үлгісі деп білеміз.
Компанияда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де баса мән беріледі. Жұмысшылар тегін түскі аспен қамтылған. Түскен табысқа байланысты мүмкіндігінше сыйақы қарастырылады. Жыл соңында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша қомақты сыйақы беріледі. Жыл сайын 1-сынып табалдырығын аттаған бүлдіршіндер мен мектеп бітірген түлектерге қолдау көрсетіледі. Биыл республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында, компанияда еңбек ететін адамдардың балаларына оқу құралдары үшін қаражат бөлінді. Осылайша 44 балаға кеңсе тауарларын сатып алуға сертификат берілді.
Бүгінде «ADAL AS» өндірістік компаниясы ұлттық өніммен бірге түрлі тәтті тоқаштар, печеньелер пісіріп кондитерлік өнімдер қатарын толықтырып келеді. Той, мерекелік шараларға тапсырыстар орындап, жасанды қоспасыз тәттілермен тұтынушылар көңілінен шығуда. Алдағы жоспары - қазақстандық тауардың әлемдік нарықта танымал болуын қамтамасыз ету. Сапалы, бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнімімен танылып халық игілігі үшін қызмет ету.