Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Заңға қызмет: полиция қызметкерлерінің жеке өмірі

23-10-2024, 13:55 Талшын Қалиасқар

Полиция маманы болу – халықтың тыныштығын күзету ғана емес, мемлекет алдындағы да үлкен міндет. Полиция қызметкері болу – батылдық. Бұл қоғамға қызмет ету, онда әрбір әрекет ақыл мен сезімталдықты қажет етеді. Бұл ең шиеленісті жағдайларда сабырлылық таныту, дағдарыстан шығудың жолын табу және азаматтардың жүрегіне сенім ұялату, күн сайын жаңа қиындықтар мен әділдіктңің жағында болу, көмектесу. 

Қуантқан мен Тоты полицияда бір жылдан астам Семей станциясындағы желілік полиция бөлімінде бірге қызмет етіп келе жатқан ерекше жұп. Қуантқан Оразбаев Семей станциясындағы желілік полиция бөлімінің кіші инспектор-кинологы, полиция аға сержанты болса, Тоты Қасымжанова сол бөлімнің тәрбие және кадр жұмыс тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты қызметін атқарады.

Екеуі де өз жұмыстарына берілген және қаламызды қауіпсіз ортаға айналдыруға тырысатын жандар. Ерлі-зайыптылардың бірлескен жұмысы олардың кәсіби дағдыларын шыңдап қана қоймайды, сонымен қатар ерекше қолдау және өзара түсіністікті қалыптастырады. Олардың рухы мен бірлескен күш-жігері оларды сенімді серіктестер ғана емес, сонымен қатар шынайы достар етеді. Жұмыстан тыс уақытта олар бір-біріне қолдау көрсетіп, бірге демалуға уақыт табады, бұл оларға жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Ерлі-зайыптылар тек полиция қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар қос бұрымды екі қыздың қамқор ата-анасы. Үлкен қыздары Айзере 6 сынып оқыса, кішісі Асылым осы жылы мектеп табалдырығын аттаған. Олардың отбасы махаббат пен қолдаудың шынайы көрінісі дерсіз. Полиция қызметкері ретінде бірлесе жұмыс істей отырып, олар өздерінің кәсіби дағдыларын шыңдап қана қоймай, балаларына қоғамға қызмет етудің, адамдарға қамқорлық жасаудың маңыздылығын көрсетуде. 

Оқырманға арнап Оразбаев отбасының отанасы Тоты Мәдениетқызымен сұхбаттасып көрдік.

- Полиция саласында бірге бір жер жұмыс атқаратындарыңызды естігенде, таңқалғанымды жасырмаймын. Бұндай міндеті ауыр мамандықта жұмыс жасау ғана емес, отбасы ретінде бірге болу қалай екен деп ойладым. Ең алғашқы сұрағым қалай таныстыңыздар?

- Біздің ең алғашқы таныстығымыз 2011 жылы Курчатов қаласында болды. Жолдасым Қуантқан ол кезде әскери салада істейтін. Мен ол кезде әскери комиссариатта жұмыс істеп жүрдім. Екеуімізден бірінші болып жолдасым келді. Ол осы салада қызмет жасап жүріп, күндердің күнінде маған ұсыныс білдірді. «Тоты, сенің полиция саласына деген көзқарасын қандай? Осы салада екеуіміз бірге жұмыс жасасақ, келісесің бе?» деп сұрады. Басында әрине, таңырқап қалдым. Одан ойлана келе, «Неге жұмыс жасамасқа? Отан алдындағы борышымды неге өтемеске?» деген ой келді. Кейіннен біраз ойлана келе, келісімімді бердім. Қазір бір салада ғана емес, бір жерде қызмет атқарамыз.

- Екеуіңізді осы саланы таңдауға қандай нәрсе себеп болды? Әлде бала кездеріңізден бері армандадыңыздар ма?

- Әр бала кішкентай кезіңде полиция формасын көргенде қызығып, полицей болғысы келді деп ойлаймын. Себебі, біздің саламызда бірінші көзге түсетіні – біздің киім үлгіміз. Жолдасым екеуімізде кішкентайымыздан осы салаға келуді, алдыңғы қатарлы қызметкер болуды армандадық. Сонымен қатар, полиция қызметкері болуды армандау көбінесе әділеттілік сезімі күшті және басқаларға көмектесуге құштар адамдар арасында пайда болады. Полиция қызметкерлері қоғамда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тәртіпті сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау арқылы маңызды рөл атқарады. Бұл мамандыққа бару жолы тек дене дайындығы мен жылдам шешім қабылдау қабілетін ғана емес, сонымен қатар жоғары моральдық нормаларды, эмпатияны және ұжымда жұмыс істей білуді талап етеді. Полиция қызметкері болу арманы адамды қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, құқықты оқуға және қоғамда белсенді болуға итермелеуі мүмкін, сайып келгенде, мағынаға толы мансапқа және басқалардың өміріне әсер ету мүмкіндігіне әкеледі.

- Осындай ауыр салада ерлі-зайыпты ретінде жұмыс істеу қиын емес пе? Қарым-қатынастарыңызға әсері бар ма?

- Бұл саланы бірге ақылдасып таңдағандықтан, бір-бірімізге жұмыс бабында да, үйде де түсіністікпен қараймыз. Бір-біріміздің жұмысымызды білеміз. Менің жолдасымда көп кездерде іс-сапарларда болады. Сол кездер де түсіністік танытып, қолдап, жұмыста бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүреміз. Сондықтан, ара-қатынасымызға ешқандай кері әсері жоқ, бізге өте ыңғайлы. Таңертең бірге жұмысқа барамыз, түскі үзіліске шығамыз, кешкісін жұмыстан бірге қайтамыз. Осының арқасында тек кәсіби біліктілігімізді шыңдап қана қоймай, үйімізде ерекше атмосфераны да құрамыз. Қиын жағдайда жаныңда жақының болатынын біліп отырасың. Кейде ақылымызбен бөлісіп, қиындықтардан бірге өтеміз.

- Әрине, жұмыста тек екеуіңіз ғана емес, ұжымдастарыңызда бар. Ол кісілердің көз қарасы қандай? Мүмкін сіздерге қызығып та қарайтын шығар дегендей.

- Біздің ұжымда әйел адамдар да, ер адамдар да қызмет етеді. Ол кісілердің арасында да «Қиын емес пе?күнде біргесіңдер, бір-біріңнен жалықпайсыңдар ма?» деп айтатындар бар, әрине. Бірақ, бізде барлығы керісінше. Бірге жүргенімізге, бір салада қызмет жасап жүргенімізге жолдасым екеуіміз қатты қуанамыз. Енді адам болғаннан кейін, әркімнің өзінің пікірі болады ғой, біреуі қызыға қарайды, енді біріне бұлай 24/7 бірге жүргеніміз бір түрлі көрінеді. Дегенмен, біздің ұжымымыз өте жақсы, әрі ұйымшыл. Әр қызметкер өз саласының үздігі десем артық айтпаймын. Сонымен қатар, бізге қолдау білдіріп, сыйлап құрметтеп жүреді. Мұндай ұжымда ашықтық пен адалдық бағаланады. Әріптестер қиын уақытта қолдау көрсетіп, тәжірибе мен біліммен бөліседі, бұл әр адамның кәсіби өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, ортақ қызығушылықтар мен достық жұмысымызды қызықты және жемісті етеді.

- Үйге келгенде жұмыс пен отбасы рөлдерін қалай ажыратасыздар?

- Әрине, жұмыста ер адамдар да болғандықтан, өзіңді жинақы, әрі қаталдау ұстауға тырысасың. Жұмыста болып жатқан мәселелерді жұмыста қалдырып кетемін. Үйге келгенде екі қызыма тәрбие беріп, олардың сабақтарына мән беріп, ас үйде дәмді тамақ әзірлеп, оларға көңіл бөлуге тырысамын. Сонымен қатар, жолдасым үй шаруасында көмек береді. Олардың сабағын қаратып, сабаққа апарып, алып келеді. Сондықтан, үйімізде татулық пен бірлік бар. Бұл тек қана жолдасымыз екеуіміздің махаббатымызды арттырып қана қоймай, қыздарымызға да үлгі. Әр минутымызды бағалап, бірге болған сәттерімізден ләззат алуға тырысамыз.

- Бұрымды қос қыздарыңыз бар екен. Сіздерге қарап бой түзейтіндері анық. Бала тәрбиесі қиындыққа соқпай ма? Әлде белгілі бір өзіңіздің тәрбиедегі тәсіліңіз бар ма?

- Екі қызымыз бар. Үлкені Айзере 6 сынып оқушысы, кіші қызымыз Асылым 1 сынып оқушысы. Екеуінің тәрбиесімен жолдасым екеуміз бірге айналысамыз. Қазір күнделікті әлеуметтік желіде түрлі оқиға орын алып жатады, соның алдын алу үшін екі кызымызға көңіл бөлуге тырысамыз. Екі қызымызды тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең үлкен және ең маңызды қиындықтардың бірі. Қуантқан екеуміз олардың сенімді, бақытты болып өсуі үшін оларға сүйіспеншілік пен қолдау көрсетуге тырысамыз.Күн сайын біз оларға өмірлік құндылықтарды үйретеміз, адалдық, құрмет және жауапкершілік деген сияқты. Кешкі ас әзірлеу немесе үй шаруасына көмектесу болсын, біз оларды күнделікті жұмыстарға тартуға тырысамыз. Бұл олардың пайдалы дағдыларын дамытуға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар отбасылық байланыстарымызды нығайтады. Қыздарымыз қиын кезде де отбасы әрқашан тірек екенін білсе екен деймін.

- Бір салада немесе бірге жұмыс істеуді жоспарлап жүрген басқа жұптарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Әрине ондай ерлі-зайыптыларға өз қолдауымды білдіруші едім. Себебі, жаныңызда тек қуанышпен ғана емес, қиындықтармен де бөлісетін жанның болуы қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Полиция қызметі сенім, келісім және командалық жұмысты талап етеді және бұл қасиеттер сіздің жеке өміріңізде болса өте жақсы. Мен бірге жұмыс істейтін ерлі-зайыптылардың нағыз одақтас болатынын білемін. Олар бір-біріне қиындықтарды жеңуге көмектеседі, қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсетеді. Оңай емес, әрине, бірақ мұндай жақындық тек олардың қарым-қатынасын нығайтады. Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау, қарым-қатынас жасау және бір-біріне уақыт табу туралы өз тәжірибеммен және кеңестермен бөлісуге әрқашан дайынмын. Сіздің әр қадамыңызды түсінетін, әрі қолдайтын біреу бар екенін білгендегі сезімге ештеңе жетпейді. Бірлескен жұмыс үйлесімді қарым-қатынастардың негізі бола алады деп ойлаймын.

- Тоты ханым, берген сұхбатыңызға көп рақмет! Жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

Сұхбаттасқан Талшын ҚАЛИАСҚАР

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив