Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары рейтинг жүргізуді ұсынды
Бұл рейтинг медициналық сақтандыру қорына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін объектілерге жоспардан тыс тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында кәсіпкерлер Денсаулық сақтау министрлігі және қор өкілдерімен бұйрық жобасын талқылады.
«Қазіргі кезде Қорда 5 түрлі монитоинг бар: ағымдағы, жоспардан тыс, мақсатты, проактивті және медициналық қызметтерді сатып алу шартының талаптарын орындау мониторингі. Бұдан басқа ішкі және сыртқы индикаторлар арқылы медициналық қызметтердің сапасына ішкі және сыртқы сараптама жүргізіледі. Сондай-ақ, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тарапынан тексерулер бар. Сондықтан, бұл рейтингті енгізуді негізсіз және артық деп санаймыз. Өйткені бұл алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарының көп жағдайда өз көрсеткіштеріне назар аударып, негізгі жұмысы кенжелеп қалады. Ай сайынғы негізде рейтингті енгізу мақсатын білгіміз келеді», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП медициналық қызметтер департаментінің басқарушы директоры Назгүл Қабдрахманова.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ құқықтық сүйемелдеу департаментінің директоры Сәбит Бәкіров қор жұмыс істеген уақыт ішінде жеткізушілердің тұрақты өсуі байқалғанын атап өтті. Осыған байланысты Қордың жеткізушілермен өзара іс-қимыл механизмін ресімдеу мәселесі көтерілді.
«Жеткізушілерді индикаторлардың екі түрімен 5 балдық жүйе қағидаты бойынша саралауды жоспарлап отырмыз. Шекті мәні 100% және 0-ге ұмтылатын мәні бар. Барлығы 8 индикатор болады. Рейтинг қорытындысы бойынша тәуекел аймағына түсетін ұйымдар жоспардан тыс мониторингке ұшырайтын болады. Егер рейтинг өзінің дұрыстығын көрсетсе, онда механизм басқа процестерге, соның ішінде көлемді бөлуге және сатып алу рәсіміне әсер етеді», – деп атап өтті Қор өкілі.
Алматы қаласы клиникалар қауымдастығының басшысы Расул Дүйсенов ұсынылған әдістеме медициналық ұйымдарда алаңдаушылық туғызатынын атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігі болмайтынына қалай кепілдік бере аласыз? Менің ойымша, бұл өңірлерде мүмкін емес. Жаңа жеткізушілер қалай белгіленеді және олар рейтингке қандай белгіден кіретіні белгісіз. Қор әзірлеген өнім берушілердің рейтингі үшін индикаторлар бұйрықпен белгіленген алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарынығ жұмысын бағалау бойынша индикаторлармен қаншалықты салыстыруға болады», – деді спикер.
«Медикер» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Орынтай Қасымова Қордың индикаторлары бұрыннан бар индикаторларға қосымша болатынын атап өтті.
Қор мамандары бизнес-қауымдастықтардың сұрақтарына жауап бере отырып, ұсынылған 8 индикаторды таңдап, әзірлеушілер манипуляция сәтін барынша алып тастағанын түсіндірді, өйткені деректер ақпараттық жүйелерден түсірілетін болады.
«Қор филиалдарының директоры мен қызметкерінің араласуы, қысымы болмайды. Жаңа жеткізушілерге келетін болсақ, көрсеткіштерді анықтау үшін бір ай жұмыс істеу жеткілікті болады», – деді Сәбит Бәкіров.
Медициналық ұйымдардың өкілдері ай сайынғы мониторинг қорытындылары бойынша рейтинг нәтижелері объективті емес екенін және жылдық нәтижеге қол жеткізудің аралық қорытындылары ретінде қаралуға тиіс екенін атап өтті.
«Сондықтан шарттық қатынастардың орындалуын ай сайынғы негізде бағалауды объективті емес деп санаймыз», – деп атап өтті Alexey Sultan Akhmet ЖШС директоры Айжан Мұқашева.
Кеңесті қорытындылай келе, Назгүл Қабдрахманова амбулаториялық ұйымдардың рейтинг арқылы ұсынылатын бағасы объективті емес екенін және алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізу үшін жағдайларды кеңейту бөлігінде Қордың қадағалау функцияларын күшейтетінін атап өтті.
«Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, егер мемлекеттік органдар жаңа реттеуші құралды енгізуді немесе кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жоспарлаған жағдайда, мемлекеттік органдар реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс. Осыған байланысты кәсіби қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, ҚР ҰКП бұйрық жобасына теріс қорытынды жібереді. Өйткені бүгінде рейтингтің негіздері, оны орындау механизмі және бизнес үшін рейтингтің оң ықпалы анық емес», – деп түйіндеді Назгүл Қабдрахманова.