ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің үшінші кеңесі өтті
2023 жылғы 14 наурызда Үндістан Республикасы төрағалық ететін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің үшінші кеңесі бейнеконференцбайланыс форматында өтті, оған ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов қатысты.
Онлайн форматта құттықтау сөзі Үндістан Республикасының Мұнай және табиғи ресурстар, тұрғын үй және қалалық істер министрі Хардип Сингх Пури мырзаға берілді.
Отырыс шеңберінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы одан арғы ынтымақтастық құжаты – «Энергетика секторындағы отынның жаңа түрлері және модельдеу жөніндегі бірлескен мәлімдеме» қабылданды. Құжат отын өндіретін дамушы елдер мен тұтынушылардың күш-жігерін біріктіру мақсатында отынның жаңа түрлері секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықты, оның ішінде технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ инклюзивті энергетикалық саясатты әзірлеуге және энергетикалық жүйелерді өзгерту бойынша мақсаттар қоюға ықпал етеді.
Болат Ақшолақов өз сөзінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясын әзірлеп жатқанын атап өтті. Құжат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі энергетика саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтитын болады.
2023 жылғы маусымда ШЫҰ органдарына төрағалық ету Үндістаннан Қазақстанға ауысады. Осыған байланысты ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бейінді министрліктеріндегі әріптестерін 2023 жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін ШЫҰ Энергетикалық форумына қатысуға шақырды.
Анықтама: ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің кезекті отырысы 2024 жылғы маусымда өткізіледі деп жоспарланған.