Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Абай облысында сүт өндірісі қарқынды дамуда

21-10-2024, 14:37 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар өңір экономикасына серпін беріп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалды. 

Нақтырақ айтсақ, өткен жылы  агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға несие беру бағдарламасы аясында2 сүтті-тауарлы фермасын қолдау мақсатында 2 млрд теңге екі сүт фермасын яғни, «Қалиханұлы» шаруа қожалығы мен «Өрнек» ЖШС-не кеңейтуге бөлінді. Шаруалар берілген инвестицияға симменталь және голштино-фриз тұқымынан 601 асыл тұқымды сиыр сатып алды.

Өңір тұрғындарына танымал Бесқарағай ауданындағы «Қалиханұлы» шаруа қожалығы Ресей Федерациясы мен Чехия, Австрия мен Германия мемлекеттерінен  жалпы саны 252 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алды. Ал Көкпекті ауданындағы «Өрнек» ЖШС Германиядан Симментал тұқымды жалпы саны 349 бас 18 айлық құнажындар әкелді. Жобалардың іске қосылуымен 2025 жылдан бастап сүт өндірісі жылына 2 400 тоннаға артпақ.

Сондай-ақ, шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру үшін қазіргі заманғы техника  және жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Мысалы, «Қалиханұлы» шаруа қожалығы заманауи астық тасушы самосвал, 6135В маркалы трактор, John Deere 7250 маркалы жемшөп жинайтын комбайн және көптеген басқа да қажетті техникаларға қол жеткізді. Ал «Өрнек» ЖШС тракторлар мен астық жинайтын комбайндармен қатар мал шаруашылығына қажетті көптеген жабдықты сатып алды.

Айта кетелік, Марат Қалықов басқаратын «Қалиханұлы» шаруа қожалығы «Айша» сауда белгісімен танымал болған сүт цехы бүгінде 17 түрлі сүт өнімдерін шығарып, жергілікті нарықта сұранысқа ие. Қалықов кәсіпті 90-жылдардағы дағдарыс кезеңінде бастап, қазірде мыңға жуық ірі қара мал және жылқы, түйе өсіруде.

– Инвестициялардың арқасында өндірісіміздің қуаты 9 тоннаға дейін өсті. Жаңа техника мен технологиялар енгізіліп, қазір 170 адам жұмыспен қамтылған, – дейді Марат Қалықов.

Аталған шаруалар алдағы уақытта мал басын көбейту мақсатында қосымша қора-жайлар салып, сүт өнімін арттыруды, сондай-ақ халықты табиғи және сапалы сүт өнімімен қамту жоспарларын жүзеге асырмақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив