Абай облысында «Өрт сөндіру кроссфиті» өтті
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс қызметкерлері арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Өрт сөндіру кроссфиті» өтті. Кәсіби дайындық деңгейін тексеру, қызметкерлердің шеберлігін арттыру және өрт сөндіру кроссфиті бойынша үздіктерді анықтауға бағытталған шараға Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі мен БАҚ өкілдері де шақырылып, аталмыш жарыстың куәгері болды.
Өрт сөндірушілердің шеберлігі мен дайындық деңгейін, төтенше жағдай туындаған кезде олардың әрекет ету жылдамдығын көрсететін жарыс 6 кезеңнен құралған. Сондай-ақ, барлық қатысушылар өрт сөндіруші киімі және тыныс алу аппараттарымен қамтамасыз етілген.
Сайысқа әрқайсысы екі адамнан тұратын командалар қатысып, ұйымшылдық пен техникалық дағдыларын көрсетті. Жыл сайынғы жарыстан қарағанда биылғы кроссфиттің ауқымы кең. Себебі, облысқа қарасты барлық аудандардағы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерінен құралған 23 команда бақ сынасты.
Жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін және дене дайындығын жақсартуға бағытталған облыстық «Өрт сөндіру кроссфиті» жарысының қорытындысы бойынша Семей қаласының № 2 өрт сөндіру бөлімі жеңімпаз атанса, Мақаншы ауданының № 18 өрт сөндіру бөлімі екінші орынға қол жеткізді. Ал, үздік үштікті Қалбатау ауылынан келген № 14 өрт сөндіру бөлімінің жігіттері түйіндеді.
Жеңімпаз болған қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар және кубок табысталды.