«Шығыс» аймақтық экономикалық форумы өтті
Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған форумның негізгі идеясы облыстағы түрлі сала өкілдерімен тәжірибе алмасып,экономикалық даму саласындағы бірлескен стратегияларды әзірлеу.
Бүгінде орнықты даму елдің шығыс өңірі үшін де басымдыққа ие, өйткені экономикалық өсуді қоршаған ортаны қорғаумен, табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен және халықтың өмір сүру сапасын арттырумен теңестіру талап етіледі. Осы тақырыптар төңірегінде Абай облысының дамуындағы мәселелері де талқыланды.
«Alikhan Bokeikhan University» білім беру мекемесінің Коворкинг алаңындағы дөңгелек үстелге Alikhan Bokeikhan University ректоры Александр Койчубаев, «Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ директоры Жадыра Мұратбекова, Семей қалалық маслихаты депутаты, «Абай ауданындағы іскер әйелдер қауымдастығының» резиденті Ақмарал Мұрат және тағы басқа сарапшы мамандармен мекеме басшылары қатысты.
Сонымен қатар, Alikhan Bokeihan University аға оқытушысы, экономика саласының сарапшысы Берік Қадыров «Орнықты даму және оның аймақтардағы әлеуметтік - экономикалық аспектілері» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі мәселелер туралы мағлұматтар берді.
Экологиялық тұрақтылық, әлеуметтік әділеттілік және экономикалық әртараптандыру бөлімдерін қамтыған форумда сарапшыларға көрермен тарапынан сұрақтар да қойылып, орнықты даму стратегияларын бірлесіп талқылауға және іске асыруға бағытталған ұсыныстармен қорытындылады.