Абай облысында күйші Секен Тұрысбектің концерті өтті
Семейде Қазақстанның Халық әртісі, сазгер, күйші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Секен Тұрысбек пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтті.
Секен Тұрысбек – «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері. «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Күлтегін», «Көк бөрі» күйлері мен «Қоңыр қаз», «Шағала» сынды әндердің авторы. Күйшінің шығармалары ұлттық өнердің алтын қорына енген. Сазгер «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
Кеште «Ақ жауын» оркестрі өнер көрсетті. Қазақстан Жастар одағы мен халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанған ұжым жұртшылыққа өз композицияларын ұсынды.
Талантты өнерпаздар Бибігүл Қилымхан, Гүлнұр Саргизова мен Жігер Бертісовтің өнері көрерменнің ерекше қошеметіне ие болды. Абай облысының жергілікті өнерпаздары да өз өнерін паш етті.
Кешке облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысып, күйшіні құттықтап, құрмет көрсетті.
Салтанатты шарада белгілі кәсіпкер, меценат Талғат Сақан күйшіге автокөліктің сертификатын тапсырды.
«Көлдей көңілдеріңізге, ықылас пейілдеріңізге, қошемет-құрметтеріңізге мың алғыс. Туған жерде өнер көрсету, өскен елдің құрметіне бөлену мен үшін үлкен мәртебе» деді Секен Тұрысбек.
Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ұлттық өнерді дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін Секен Тұрысбекке «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы берілді.