Абай гарнизонының жас сарбаздары ант қабылдады
Абай гарнизонына қарасты әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметін өткеруге және Отан алдындағы азаматтық борышын атқару үшін шақырылған жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдады. Осы күз айларында шақырылып, сарбаз атанған 300-ге жуық жауынгердің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары мен Қарағанды және Шымкент қалаларынан келгендер.
Салтанатты жиында сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Азамат Какимжанов, 28738 әскери бөлімінің командирі полковник Ермек Жұмагазин және 30217 әскери бөлімінің командирі подполковник Еркін Жоламанов құттықтау сөздерін жеткізді. Өз кезегінде сарбаздардың ата-аналары да ақ тілектерін айтып, балаларына баталарын берді.
Салтанатты шара барысында жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары ұлдарының қолдарына қару алып, әскери өмірге нық қадам басқанын көрді. Артылған аманат пен жүктелген сенімді абыроймен атқаратындарына көздерін жеткізді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін қонақтарға әскери қоян-қолтық ұрыс әдістерінен қойылым көрсетілді. Соңында жауынгерлердің ата-аналары мен жақындары бөлім басшылығымен сұхбат жасап, сұрақтарына жауаптарын алды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі