Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.86 544.34 5.11

Қазақстан мен ШҰАА тауар айналымын екі есе арттыруға ниетті

8-12-2024, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин 5 желтоқсан күні Үрімшіде ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру және өзара әрекеттестіктің перспективалары талқыланды.
ШҰАА – Қазақстанның Қытайдағы барлық өңірлердің ішінде ең ірі сауда серіктесі, оның үлесіне Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымының жартысына жуығы тиесілі. Өткен жылы ШҰАА-мен сыртқы сауда көлемі 62%-ға өсіп, $20,3 млрд-қа жетті. 2024 жылдың 9 айында Қазақстан мен ШҰАА арасындағы тауар айналымы 22,46%-ға артып, $17,67 млрд болды.

«Қазақстан мен Қытай басшылары екі ел арасындағы тауар айналымын $100 млрд-қа дейін арттыру міндетін қойған болатын. Осы тұрғыда біз ШҰАА-мен өзара сауданы екі есеге көбейтуді жоспарлап отырмыз. Біз экспорттық және импорттық тауарлар құрылымын және олардың әлеуетін талдап, Қытайға қосымша жеткізуге болатын 180 тауар түрлерін анықтадық. Бұл металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, химия, машина жасау, құрылыс тауарлары», — деді Серік Жұманғарин.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары өзара саудада ауылшаруашылық өнімдерін жедел тасымалдау үшін Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінде «жасыл дәліздер» енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Келешекте тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін «Нұр Жолы» – «Қорғас» өткізу пунктінде 24/7 жұмыс істеу тәжірибесін барлық автомобильдік өткізу пункттерінде қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар Алматы облысында («Нарынқол-Мұзарт») және Шығыс Қазақстан облысында («Теректі-Ақтөбек») жаңа өткізу пункттерінің ашылу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы атап өтілді.
Тағы бір перспективалы көлік түрі – су жолы. Қазақстан тарапы Ресей – Қазақстан – Қытай мультимодальды транзиттік дәлізін құруды және трансшекаралық Ертіс өзенін пайдалануды ұсынады. Алғашқы кезеңде жүк тасымалдау көлемі 2-2,5 млн тонна болады деп күтілуде.

«Бұл дәлізді дамыту үшін Майқапшағай-Зимунай теміржол өткелін ашу және Қазақстан аумағында Тұғыл ауылында өзен портын салу жоспарлануда. Сондай-ақ өзен арқылы тасымалдауды дамыту аясында Қонаев қаласынан Қытайдың Инин қаласына дейінгі трансшекаралық Іле өзені арқылы маршрутты дамыту жобасы да бар. Бұл жобаны Қазақстан мен Қытай бизнестерінің ынтымақтастығы арқылы жүзеге асыру мүмкін», — деп толықтырды Серік Жұманғарин.

Бүгінде Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы жүзеге асырылуда. Кездесуде 2024 жылдың 9 айында Орталық дәліз бойынша тасымал көлемі өткен жылдың барлық көрсеткіштерінен 23%-ға артып, 3,4 млн тоннаны құрағаны айтылды. 2030 жылға дейін тасымал көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. 

Серік Жұманғарин Қазақстан Қытайдан Еуропаға және кері бағытта жүк тасымалдау көлемінің өсуін толық қамтамасыз етуге ниетті екенін атап өтті. Сонымен қатар 2029 жылға қарай контейнерлік пойыздардың саны 600-ден 2000 бірлікке дейін арттыру туралы келісім жасалды. Сондай-ақ қазақстандық тараптың «Қорғас» стансасы аумағында құрғақ жүктерді, контейнерлерді, астықты сақтау және ауыстырып тиеу үшін мультимодальды логистикалық терминал салуға дайын екенін жеткізді.

Ма Синжуй ШҰАА партия комитетінің атынан Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан үлесі үшін ел басшылығына алғыс айтып, тараптар арасындағы өзара қарым-қатынастар қазір ең жақсы даму сатысында екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан тарапының тауар айналымын арттыру туралы ұсынысын қолдап, ШҰАА-да пайдалы қазбалар мен түсті металдар, ауылшаруашылық және басқа да өнімдерді жеткізу үшін қажетті көлемде партиялар болған жағдайда, оларды сатып алуға дайын компаниялар бар екенін жеткізді.

Серік Жұманғарин Қазақстан мен ШҰАА арасындағы бюрократиялық кедергілерді азайту мәселесін көтерді. Бұл мәселелердің көпшілігі Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін Қытайға жеткізуге қатысты. Бұл астық жүк тасымалына бақылаудың күшейтілуі, сынамалар алу кезеңінің ұзартылуы, сондай-ақ Қазақстан компанияларын Қытайдың экспорттаушылар реестріне аккредиттеу процедураларының ұзақтығы. Ауылшаруашылық өнімдерінің Қытайға жеткізілім көлемін арттыру үшін картоп пен қант қызылшасының фитосанитарлық талаптарына қатысты хаттамаларды келісу, құс етін экспорттау, Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймақтарынан сиыр еті мен шошқа етін Қытайға экспорттауға арналған шектеулерді алып тастау, салқындатылған ет, жылқы еті және басқа да ет өнімдеріне арналған ветеринарлық талаптарды келісу қажет болады.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ма Синжуйді келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив