Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Мемлекет басшысы ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті

19-10-2023, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрімжі қаласына келіп, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.

Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады.

– Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор.  Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің аймағыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз. Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнаған. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40 пайыздан асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін салудың маңыздылығына назар аударды. Президент осы жобаны іске асыруға жақын арада кірісуге болады деп есептейді.

Сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, су саласындағы ынтымақтастықты дамытудың және трансшекаралық өзендерді пайдаланудың маңызды екені атап өтілді.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына айрықша тоқталды.

– Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар Қытайда келесі жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланды. Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тарихи-мәдени, гуманитарлық байланыстарының мәні мен маңызына назар аударды.

– Шыңжаң ежелден өзінің жоғары мәдениетімен әйгілі. Жергілікті шығармашылық ұжымдар халықаралық дәрежеде мойындалған. Біз мәдени-рухани байланыстардың жан-жақты дамуына, екі ел өнерпаздарының бір-біріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруына қолдау көрсетеміз. Бұл тату көршілік және достық қатынастардың нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» форумында көтерілген бастамалардың мәні зор екенін айтты.

– Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашуды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз, –  деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы.

Ма Синжуй Қазақстан Президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы біздің елмен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты байланысты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Президентінің Шыңжаң өлкесіне сапары аймақаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал ететіні атап өтілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив