Сенаторлар балалардың құқықтарын қорғау және білім беру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын қарады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар мемлекеттік наградалар, білім беру және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобасын талқылады.
Заң жобасы білім беру саласы мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заңдағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кәсіби түрде қабылдайтын отбасыларға орналастыру тетіктерін енгізу – басты өзгерістердің бірі болып отыр. Құжатта қабылдаушы тәрбиешілерді іріктеу, оқыту және еңбекақысын төлеу тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ уәкілетті органдармен өзара әрекет ету түрлері айқындалған.
Сонымен қатар, заң жобасы аясында мемлекеттік наградалар жүйесіне көлік, құрылыс, геологиялық барлау, металлургия, тау-кен, аграрлық, су шаруашылығы және басқа да экономикалық салалардағы мамандарға, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштарға арналған құрметті атақтарды енгізу ұсынылады.
Заңда сондай-ақ 2027 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау, кәсіптік білім беру жүйесінде онлайн оқыту мен академиялық ұтқырлықты енгізу, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету шаралары қарастырылған.
Депутаттар кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.