Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру және халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қаралды
Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында 2026 жылғы өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру және халықтың осал топтарына тұрғын үйлерді беру мәселелері талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек пен «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Мира Конопья баяндады.
Облыста халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылдың басында бекітілген өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 13 324 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 2026 жылғы 21 қазандағы мәлімет бойынша, өңірде 17 188 адам жұмысқа орналастырылып, жылдық жоспар 129%-ға орындалды. Оның ішінде 12 678 адам тұрақты, 4 510 адам уақытша жұмыс орындарына орналасты.
Жұмыспен қамтудың негізгі бағыттары бойынша да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Инфрақұрылымдық жобалар аясында 1 280 адам жұмысқа орналастырылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 3 355 адам тартылды.
Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы аясында жаңадан құрылған кәсіпорындарға 6 166 адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарындағы бос жұмыс орындарына 6 290 адам барды.
Қазіргі таңда өңірде жұмыспен қамту көрсеткіштерін одан әрі арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың тұрақты еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Облыс әкімі отырыста жұмыспен қамту жоспарын толық орындауды, Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыруды, жұмыс берушілердің қызметкерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аударуын бақылауды күшейтуді және 2027 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасына нақты көрсеткіштер енгізу үшін тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болуы керектігін атап өткен болатын. Жалпы облыс бойынша жылдық жоспардың 129 пайызға орындалуы – жақсы нәтиже. Дегенмен, жекелеген аудандарда белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Әрине, облыстық жоспардың орындалуы маңызды, бірақ әр аудан өзіне жүктелген міндеттемелерді толық орындауы тиіс. Жұмыспен қамту көрсеткіштеріне қол жеткізу тек есеп үшін емес, тұрғындардың тұрақты табысын қамтамасыз ету үшін маңызды», – деді Берік Уәли.
Отырыста халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.
Аймақ басшысы аудан әкімдеріне тұрғын үйлерді бөлу мәселесін 25 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды.
«Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстап, тапсырмалардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Ауылдардағы апатты үйлердің барлығын есепке алып, сараптама жүргізу қажет», – деді облыс әкімі.





