Мәжіліс Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялады.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленгенін, сондай-ақ Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тану, қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болғанын айтты.
– Құжаттың басты новеллалары: Түркістан қаласы археологиялық ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Сондай-ақ кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді, – деді Н.Байбазаров.
Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Темір Қырықбаев қосымша баяндамасында орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Түркістан қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктері қайтадан қарастырылып, қолөнер, туризм салаларына қоян-қолтық қолдау көзделгенін атап өтті. Бұл ретте жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылау жүргізу, ғылыми реставрация жүргізу бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу, қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлеу, туризм инфрақұрылымын дамыту және басқа да құзыреттер Түркістан қаласының әкімдігіне жүктеледі.
Ілеспе заң жобасында сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметін нормативтік реттеуге және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғауға бағытталған 1 Кодекс пен 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.
Бұдан соң депутаттар зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялады. Құжатқа 2013 жылы 27 маусымда Марракеш қаласында қол қойылған.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, шарт көру қабілеті нашар адамдардың арналған әдеби және көркем шығармаларға қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталған. Келісімнің мақсаты – кедергілерді шешу және олардың физикалық қабілеттеріне қарамастан барлық азаматтың білім мен жарияланған туындыларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.
– Шартты ратификациялау көру қабілетіне сәйкес мүгедектіктері бар тұлғалардың кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне араласуына, осындай тұлғаларға ыңғайлы форматта жасалған туындыларды халықаралық алмасуды жүзеге асыруға жол ашады, – деді А.Есқараев.
Депутат Гүлдара Нұрымова қосымша баяндамасында бүгінгі таңда шартқа қатысушы 90-нан астам ел азаматтарының осындай құқықтары бар екенін, көру қабілеті бұзылған қазақстандық азаматтардың да осындай мүмкіндігі болуға тиіс екенін алға тартты. Шарттың негізгі ережелерінде оның қатысушылары жарияланған туындыларды ыңғайлы форматтарда көбейту, тарату және оларға жария қол жеткізуі үшін авторлық құқықтар саласындағы шектеулер мен ерекшеліктер белгіленген.
Марракеш шартының ережелері аудиокітаптармен қоса кез келген БАҚ-та жарияланған немесе басқа жолмен көпшілікке қолжетімді мәтін, ноталық жазба секілді иллюстрациялар түріндегі туындыларға қолданылады.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы ратификациялық хаттама және көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы ратификациялық келісім.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 15 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-каналында жарияланды.