Азаматтық қоғамды дамыту: ҮЕҰ Қазақстандағы әлеуметтік әл-ауқатқа қосқан үлесі
Мемлекет азаматтық сектормен өзара қарым-қатынасты жобалық әріптестік арқылы нығайтып келеді.
Бүгінде ҮЕҰ – әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруда негізгі серіктес.
Елімізде жыл сайын ҮЕҰ-мен 2000-нан астам бірлескен әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Олардың саны артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, жобалардың жалпы саны 41%-ға, гранттық жобалар 33%-ға өсім көрсетті.
Халық арасында ерекше сұранысқа ие жобалар келесі салалар бойынша жүзеге асырылуда: әлеуметтік осал топтарды қолдау – 726 жоба, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау – 290 жоба, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту – 232 жоба, білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу – 140 жоба, азаматтардың денсаулығын сақтау – 100 жоба.
Бұл жобалар білім беру, инклюзивті қоғам құру, жастардың әлеуетін дамыту саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Мысалы:
Гранттық жобаларды жүзеге асыру аясында 500-ден астам жұмыс орны құрылды.
670 шағын грант арқасында белсенді азаматтар мен шағын ұйымдар өз бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.
100 мыңнан астам адам оқу шараларына қатысты, ал 2000-ға жуық ҮЕҰ әдістемелік және кеңестік көмек алды.
Халықтың әртүрлі топтарына көмек көрсету үшін 20 мыңнан астам волонтер дайындалды.
1,2 миллионнан астам адам, соның ішінде 15 мың ерекше қажеттіліктері бар адам әлеуметтік көмек алды.
120-дан астам мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді.
4405 ауыл тұрғыны өз аумақтарын басқару процесіне қатысуға белсенді түрде тартылды.
Жергілікті қауымдастықтың әртүрлі мәселелерін шешу үшін 36 жаңа бастамашыл топ пен ҮЕҰ құрылды.
2024 жылғы басты жаңалықтардың бірі – 5 стратегиялық жобаның жүзеге асырылуы. Бұл жобалар азаматтық қоғамды дамытуға, волонтерлік қызметті қолдауға және әдеби шығармашылықты ілгерілетуге бағытталған.
Аталған жобалар шеңберінде стратегиялық әріптестікті жүзеге асыру үшін Азаматтық қоғамды дамыту орталығы және Ұлттық волонтерлік фронт-кеңсесі ұйымдастырылды.
Мұндай жобалардың ерекшелігі – олардың ауқымдылығы мен стратегиялық маңыздылығында. Олар ағымдағы міндеттерді шешумен қатар, ұзақ мерзімді перспективада тұрақты негіз қалыптастыруға арналған.
Сонымен қатар, ҮЕҰ қызметін институционалдық қолдау мақсатында 2017 жылдан бастап ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақы механизмі енгізілген.
ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақы – республикалық, салалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін бюджет қаражаты есебінен берілетін ақшалай марапат.
Осы уақыт ішінде 486 ҮЕҰ сыйлықақы алды: 2017 жылы – 59 ҮЕҰ, 2018 жылы – 63, 2019 жылы – 63, 2020 жылы – 38, 2021 жылы – 64, 2022 жылы – 54, 2023 жылы – 79, ал 2024 жылы – 66 ҮЕҰ.
Биыл сыйлықақыға үміткер ретінде елдің барлық өңірлерінен 146 өтінім түсті, олардың ішінен 66 ұйым жеңімпаз атанды. Бұл ұйымдардың жобалары түрлі мәселелерді шешуге бағытталған нақты үлестерін көрсетті.
Осылайша, ҮЕҰ-ны ынталандыру мен қолдау олардың жұмысын жандандыруға ғана емес, әлеуметтік жауапты қоғамды қалыптастыру арқылы мыңдаған адамдардың өмірін жақсартуға ықпал етеді.
Азаматтық қоғамды қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды басымдығы болып қала береді. Ауқымды бағдарламаларды іске асыру, қаржыландыру көлемін арттыру және азаматтық бастамаларды қолдау халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, азаматтық қоғам институттарын нығайтуға, олардың әлеуеті мен әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға мүмкіндік береді.