Өңір басшысы талантты жастармен кездесті
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдің дарынды оқушыларымен және студенттерімен кездесті. Кездесуге зияткерлік олимпиадалардың, ғылыми жобалардың, сондай-ақ спорттық және шығармашылық байқауларда жүлдегер болған 50 оқушы мен 20 студент қатысты.
Еркін форматта өткен шарада балалар өздерінің жетістіктері туралы айтып, идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы сөз алған әрбір қатысушыны мұқият тыңдап, ақыл-кеңесін берді. Жастардың өңірдің дамуына қосатын үлесінің маңызын атап өтті.
Іс-шараға қатысушыларға облыс әкімінің атынан ақшалай сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, облыс жастары республикалық олимпиадаларда 114 жүлделі орын, оның ішінде 21 Алтын, 33 күміс және 60 қола медаль иеленді. Переменовка орта мектебінің оқушысы Әділхан Әділанов екінші жыл қатарынан ауыл оқушылары арасында математика олимпиадасында алтын медаль алды. Биыл ол университетте оқу грантының иегері атанды.
Робототехникада облыс оқушылары үздік нәтижелер көрсетті: 600 -ден астам оқушы облыстық, 50-ден астамы республикалық және 25 халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атанды. Жетістіктердің қатарында Индонезияда 3-ші, Түркияда 2-ші, Сингапурда 1-ші, Қытайда «үздік робот» номинациясында Гран-при бар. «Айбын-2024» халықаралық әскери-патриоттық жастар слетінде облыс оқушыларының командалары жалпы командалық есепте 2-ші және 3-ші орындарға ие болды.
Сонымен қатар WorldSkills республикалық чемпионатында Абай облысының командасы жалпы республикалық есепте 1-ші орынды иеленді. Команда 2 алтын, 6 күміс, 4 қола және 7 медальонға қол жеткізді. Өткен жылғы чемпионатқа қатысушылар Франциядағы әлем чемпионатында үздік номинацияға ие болды.