Семей қалалық мәслихат төрағасы болуға кімдер үмітті?
«018.kz» ақпараттық порталы қалалық мәслихат төрағалығына үміткерлер бойынша болжам жасап көрді.
Алғашқы кандидат – Асхат Бәкірұлы. Белгілі сәулетші бүгінде «Семей сәулет» мекемесін және облыстық сәулетшілер одағын басқарып отыр. Осы уақытқа дейін қаланы көркейту бойынша ауқымды істер атқарып, бірқатар жобаларды ел назарына ұсынып келеді. Қоғамдық қызметте белсенділік танытып жүрген депутаттың бүгінде жақтастары көп.
Мәслихат төрағалығына үміткерлердің қатарында Еркен Сағындықов бар. Бүгінде ол қаланың жылу жүйесіне жауапты. 14 жыл су арнасын басқарғаннан кейінгі мол тәжірибесін қаланың коммуналдық шаруашылық қызметіне арнауда. Әйтседе қоғамдық қызметтің ішінде жалақы төленетін жоғары лауазымды қызметке бұл азаматта үмітті.
Келесі үміткер - Айболат Бекжасаров. Ол Семей қаласының № 3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры. Жуырда ғана Айболат Каиркешұлы басқаратын мекемеге қаланың су жаңа әкімі жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік мекеменің жұмысына жоғары бағасын берді.
Сондай-ақ, гендерлік саясатта белсенділік танытып жүрген Дариға Абайқызы мен Шолпан Мулдагалиева да бұл қызметтен үмітті. Алайда олардың ойларынша қаланың дамуына табанды үлес қосып жүрген ер азаматтар бұл орынға лайық деген пайымға келіп отыр.
Айта кетейік, Семей қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы 2025 жылғы 15 қаңтар күні, сағат 10:00-ге жоспарланып отыр. Күн тәртібінде Семей қаласы мәслихатының төрағасын сайлау барысы қаралмақ.