Талғат Мұратов оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды
Қала басшысы Талғат Мұратов Семей қаласындағы бірқатар білім беру мекемелерінің жағдайымен танысу үшін жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол №45, 40, 33 және IT мектептерін аралап, мектеп басшылары мен мамандардан жол, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы және басқа да инфрақұрылымдық мәселелер туралы ақпарат алды.
№45 мектептің маңындағы жолдың тарлығы және кешкі уақыттағы көлік кептелісі тұрғындардың ыңғайсыздығына әкеліп соғатыны айтылды. Сонымен қатар, №40 мектептің айналасындағы аумақ оқушылардың қауіпсіздігі үшін қоршауды қажет етуде. Ал №33 мектептің жанында орналасқан қараусыз қалған ескі ғимараттың шатыры құлауға жақын. Осыған байланысты, қала әкімінің тапсырмасы бойынша бұл нысанның шатырын алып тастауға шешім қабылданды.
Жаңадан салынған IT-мектептің ауласы да бірнеше маңызды мәселелерді шешуді қажет етеді. Мұнда жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, кедергі келтіріп тұрған ағаштарды кесу сияқты жұмыстар қолға алынбақ.
Қала әкімінің тапсырмасымен, аталған мектептердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстар мектептердің ауласын абаттандырып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.