Жас маман баспаналы болды
Абай облысында ауылға барып жұмыс істеп жатқан жас мамандар баспанамен қамтамасыз етілуде. Қарағаш ауылдық округі — Аягөз ауданындағы елді-мекендердің бірі. Халық саны 600-ге жуықтайды. Жуырда осы ауылда қос бірдей отбасы қоныс тойын тойлады.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Аманбол Қабдолов. «Дипломмен ауылға бағдарламасымен келіп, Ж.Жабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің спорт үйлестірушісі болып еңбек етуде. Отбасылы жас маман ауыл жастарының спортпен шұғылданып, физикалық дамуына үлес қосуда.
2021 жылы баспана кезегіне тұрған көпбалалы әрі жалғызбасты ана Зайрагүл Сәдуақасова да жаңа баспанаға ие болды. Балаларының алды студент, кенжесі 10 жастағы ана ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктте медбике болып жұмыс істейді. Қуанышқа кенелген ауылдастарын құттықтаған қарағаштықтар жаңа үйге шашу шашып, құтты болсын айтысты.
Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 8 адам үй кезегінде тұр.