Адамдарға мейірімді жан

Жақыпбекова Алтынхан Қабдолдақызы 1966 жылы 3 ақпанда дүниеге келді. Семей қаласындағы политехникалық техникумының тамақ өнеркәсібі технологы мамандығы бөлімін бітірген.
Абай облысы, Үржар ауданындағы жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде 1994 жылдан бастап, 30 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келеді. Әлеуметтік саланың жұмысын жандандырып, еселі еңбек етіп жүрген жігерлі де жауапты маман. Қызмет алушылар мен қызметтестері арасында ерекше беделге ие. Әлеуметтік жұмыс бойынша көп жылғы тәжірибесін кейінгі жас мамандарға үйретуден жалықпайды.
Тағдырлары қиын әрбір қызмет алушылары Алтынхан Қабдолдақызын өздерінің арқа сүйер демеушісі, жанашыры, отбасының мүшесі ретінде сезініп, оны әр күні асыға күтеді. Қоғамда өмірлік қиын жағдайға тап болған әлсіз топтарға, жалғыз басты қарттарға көмек көрсету, қолдау мен қорғауды өзінің азаматтық парызы деп санайды. Қызмет алушылардың әрқайсысымен жекелей қарым-қатынас орнатып, мұң-мұқтаждықтарын тыңдап, мейілінше толыққанды өмір сүрулерін жеңілдетуге бар күшін салып келеді. Қарттардың құлазыған көңіл-күйлерін жадыратып, моральдық-психологиялық жағынан да көмек беріп, өмірге деген құлшыныстарын арттыруға жағдай жасайды.
Еңбек еткен жылдарында Үржар ауданы әкімінің мақтау граматасымен, алғыс хатымен және аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының мақтау граматасымен марапатталған.
Екі баланы жақсы тәлім-тәрбие беріп, оқытып, мамандық алуына жағдай жасап берген жалғыз басты ана, 3 немере тәрбиелеп отырған ұлағатты әже.