Биыл Абай облысы Үржар ауылындағы әуежай терминалы жаңғыртылады
Абай облысы көлік инфрақұрылымын, соның ішінде әуе, автомобиль және теміржол тасымалдарын белсенді дамытуда. Бұл өңірлер арасындағы байланысты жақсартып, туризм мен экономиканы өркендетуге ықпал етеді. Өңірде екі әуежай жұмыс істейді. Семей мен Үржардағы әуежайлар жолаушыларды тасымалдауда үлкен маңызға ие.
1983 жылы салынған Семей қаласының әуежайы 2016-2018 жылдары қайта жаңғыртылғаннан кейін халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Соның арқасында заманауи ұшақтарды қабылдай алады. Бүгінде нысан «Fly Arystan» және «Южное небо» авиакомпанияларының Астана, Алматы және Үржар бағыттары бойынша рейстеріне қызмет көрсетеді.
2025 жылдың наурыз айынан бастап жолаушылар үшін туристік маусым қарсаңында ұшақтардың ұшу жиілігін арттыру және ұшу кестесін жаңарту жоспарланған. Сондай-ақ әуежай терминалын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл өткізу қабілетін едәуір арттыруға және жолаушыларға қолайлы жағдай тудыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта әуежайға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған амбулаториялық лифт және жолаушылардың қолайлығы үшін автобус сатып алынды.
1978 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Үржар ауылының әуежайы да облыс үшін маңызды көлік торабы болып табылады. Ұшу-қону жолағы, жарық-сигналдық жабдық және бейнебақылау жүйелерін қайта жаңғырту сынды екі ірі жобадан кейін әуежай сыйымдылығы 100 жолаушыға дейінгі заманауи әуе кемелерін қабылдай алады. 2024 жылы жолаушылар терминалын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаны іске асыру жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартады. Қазірдің өзінде терминал сағатына 80-100 адамға дейін қызмет көрсетеді. Ал есептік өткізу қабілеті 35 адам.
Жазғы туристік маусымда, 2025 жылғы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында «Scat» әуекомпаниясы «Астана-Үржар – Астана» және «Алматы – Үржар – Алматы»бағыттары бойынша Bombardier CRJ – 200 әуе кемесі арқылы рейстерді орындауды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, «Южное небо» әуекомпаниясы «Семей – Үржар – Семей» бағыттары бойынша рейстерді тұрақты негізде жүзеге асырады.