Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы Абай шаңырағында бастау алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деген болатын.
Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар бастау алды.
Биыл ойшыл ақынның мерейтойы және хакім мұрасын кең көлемде насихаттап, айшықты тұлғасын танытып келе жатқан қара шаңырақ – Абай музейінің 85 жылдық мерейтойы да қатар аталып өтпек.
Осыған орай Абай музейінде мерейтойлардың бастауы ретінде мәдени-танымдық салтанатты шара «Абай әлемдік ойдың алыбы» және «Абай бейнелеу өнерінде» тақырыптарындағы көрмелердің тұсауы кесілді.
Шараға Абай өңіріне танымал зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев мерейтой өңірде лайықты деңгейде аталып өтілетінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, шара барысында белгілі өнерпаздардың орындауында Абай әндері шырқалып, Абай атындағы музыкалы-драма театрының «Жаза-Наза» трагедиясынан үзінді көпшілік назарына ұсынылды.