Қала жастары өз ойларын ортаға салды
Қала әкімі Талғат Мұратов Семей қаласындағы Жастар ресурстық орталығында болып, жұмыс барысымен танысты. Орталық 2013 жылдан бері қала жастары үшін түрлі іс-шаралар мен жобаларды іске асырып келеді.
2024 жылы Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен орталық Шоқан Уәлиханов көшесі, 159 мекенжайында орналасқан жаңа ғимаратқа көшкен. Бүгінде орталықта 15 қызметкер еңбек етеді. 2024 жылы түрлі бағытта 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырса, оның ішінде волонтерлік, дін, құқық, нашақорлыққа қарсы және лудомания тақырыптары қамтылған.
Ғимаратта Жастар ресурстық орталығымен қатар облыстық және қалалық жастар саясаты саласындағы 27 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Кездесу барысында жастарға арналған подкаст студиясын ашу туралы ойлар айтылды.
Сонымен қатар, қала басшысы Шәкәрім университетінің «ЖасStar» коворкингінде жастар ұйымдары өкілдері және белсенді жастармен кездесті. Іс-шараға қоғамдық қор директорлары, жас депутаттар, спортшылар, ЖОО және колледж студенттері, пікірсайысшылар мен жайдарманшылар қатысты.
«Біздің болашағымыз, елдің ертеңі – жастар. Сондықтан жастармен диалогқа әрқашан ашықпын. Жаңа идеяларға толы азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары біз үшін аса маңызды. Оларды әрқашан қолдап, жағдай жасауды жалғастыруымыз қажет», – деп атап өтті әкім.
Кездесуде жастар өздерінің ұсыныстарын жеткізді. Олар кәсіпкерлік, спорт, медицина, креативті индустрия, пікірсайыс, дубляж және т.б. салалар бойынша өз ойларын білдіріп, осы бағыттарда жаңа жобалар мен мүмкіндіктер туралы пікір алмасты. Әкім ұсыныстарды тыңдап, жастарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.