Cемей-20°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
520.27 537.65 5.24

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2024 жылдың жұмысын қорытындылады

Кеше, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариев, Президент Әкімшілігінің лауазымды тұлғалары, Парламент депутаттары, Мемлекеттік қызметтің өңірлік хабы, қоғамдық ұйым өкілдері, Агенттік жанындағы алқалы органдардың мүшелері қатысты.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша алға қойған міндеттердің сервистік және адамға бағдарланған қағидаттары негізінде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Өткен жылы Агенттіктің бастамасымен мемлекеттік қызметті жетілдіруге байланысты «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға 7 заңмен өзгерістер енгізіліп, 26 нормативтік құқықтық акті қабылданды.

Мемлекеттік қызметтің гибридті моделі негізінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, тиімді HR-құралдарын енгізу, мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін нығайтуды көздейтін Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес Агенттік «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң жобасын әзірледі. Жаңа Заң мемлекеттік қызметтегі еңбек қатынастарымен қатар қоғам мен мемлекеттік аппараттың өзара іс-қимылының жаңа парадигмасын реттейді. Сондай-ақ іріктеу жүйесін жаңғырту, ерте кәсіби бағдарлау механизмдерін енгізу, горизонталды өсу мүмкіндіктерін қарастыру, қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту мәселелерін қайта қарау көзделген. Заң жобасы аясында 70-ке жуық заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер жаңа редакцияда әзірленеді.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Агенттіктің келісімі бойынша жеке және квазимемлекеттік сектордан 184 маман басшы лауазымдарға тікелей тағайындалды. Соңғы екі жылда жоғары оқу орындарын үздік бітірген 445 түлек конкурс өткізілместен аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға жұмысқа орналастырылды. «Бұл білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға және шалғай өңірлердегі кадр тапшылығын шешуге оң ықпалын тигізуде», - деді Агенттік төрағасы.

Мемлекеттік қызметтегі онлайн іріктеу жүйесі жоғары тиімділікті көрсетті. Автоматтандырылған «eQyzmet» 68 мемлекеттік органда сәтті іске асырылып, биыл қалған 26 мемлекеттік органдарға енгізу аяқталады. Бір бос орынға жарияланған конкурсқа үміткерлер дәстүрлі іріктеумен салыстырғанда орта есеппен бір жарым есеге артты.

Агенттік Мемлекет басшысының бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр қызметін толық автоматтандыру бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында Бірыңғай кадр жүйесіне 37 мемлекеттік органның 500 мыңнан астам адам қызмет атқаратын 2400-ге жуық ведомстволық ұйымдарды қосу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бірінші кезеңде 8 мемлекеттік органның 19 ұйымы қосылды.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді цифрландыру аясында «eQyzmet» жүйесінде цифрлық рейтинг модулі іске қосылғанын айтты. Модуль электрондық жеке істердің деректері негізінде саяси және «А» корпусы лауазымдарына жоғары тәжірибесі мен біліктілігі бар әлеуетті үміткерлердің тізбесін жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Агенттік төрағасы, 2024 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 150 мыңнан астам бұзушылық анықталғанын, оның 37% қашықтықтан жүргізілген мониторинг арқылы белгілі болғанын айтты. Бұл тәжірибе мемлекеттік органдардың жауапкершіліктерін арттырып, проактивті жұмыс істеуге өз септігін тигізеді.

Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша жүргізілген талдау және мониторинг жұмыстары нәтижесінде 2024 жылы төтенше жағдайлар, энергетика, су ресурстары және ирригация салалары бойынша әзірленген 260 ұсыныс Үкімет Аппаратының қарауына енгізілді.

Агенттік бастамасымен мемлекеттік қызмет саласындағы бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпаушылық принципін дәйекті түрде жүзеге асыру механизмдері айқындалды. Биылғы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік органға ауысуына қарамастан, бұрынғы лауазымда жасаған теріс қылықтары үшін жауаптылықтан босатылмайды. Дегенмен, бақылау шаралары тек заң бұзушылықтың салдарын анықтаумен шектелмей, оның алдын алуға бағытталуы қажет  екендігі айтылды.

Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет пен оған қажетті құзыреттіліктерге ие мемлекеттік қызметшілерді даярлау маңыздылығын ескере отырып, Біріккен Араб Әмірлігінде 32 қызметші оқытудан, Түркия Республикасында 35 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті. Агенттік пен АҚШ-тың Кадрлық қызмет офисінің меморандумы аясында 57 қазақстандық төтенше жағдайлар мен жергілікті табиғи ресурстарды қорғау саласының басшылық құрамы үшін дағдарысты басқару бойынша онлайн оқу семинары өтті.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының ауыл және аудан әкімдерінің біліктілігін арттыру бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында озық тәжірибелерді ескере отырып, бұл міндетті сапалы орындау тәсілдерін пысықтау қажеттілігіне тоқталды.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Дархан Жазықбай Агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелері басшылары алдында халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттерді сапалы іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив