Сенатта еліміздегі мақта саласын дамыту мәселесі талқыланды

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында еліміздегі мақта саласын дамыту және оны өңдеу мәселелері қаралды. Депутаттар Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында отандық мақта өндірісі және оны өңдеуді қолдау шараларын салалық мемлекеттік органдардың басшыларымен бірге талқылады.
Отырыс барысында өндіріс қуаты толық көлемде жүзеге аспай отырғаны және өнімнің өзіндік құнының жоғарылығы, көрші елдермен бәсекелестік секілді саладағы өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, өңдеу кәсіпорындарын мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. 2024 жылы Өзбекстанмен мақта фабрикалары бойынша келісімдерді жеделдетуге бағытталған бірлескен Жол картасы секілді маңызды құжаттарға қол қойылған болатын.
Отандық мақтаны өңдеу көлемін ұлғайту және мемлекеттік сатып алудағы жергілікті өнімнің үлесін арттыру мәселесіне баса назар аударылды. Бұл тұрғыда тоқыма өнімдеріне 0% ҚҚС енгізу, тоқыма өнеркәсібіне жеңілдетілген несие беру және фермерлерге бөлінетін субсидияны арттыру туралы ұсыныстар айтылды.
Сенаторлар саланы ынталандырудың маңызды бағытының бірі ретінде су үнемдеу технологиясын енгізу және ылғал сүйгіш дақылдарды қолдау қажеттігін атап өтті. 2024 жылы мақта егілетін алқаптар азайғанымен, жаңа технологияны енгізу арқылы өнімділік арта түсті.
Отырыс қорытындысы бойынша мақта өндірісі мен өңдеу саласын кешенді дамыту ауылдық аймақтардағы экономикалық жағдайды жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ өңдеу көлемі мен экспортты ұлғайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.