Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов «таза парақтан» реттеуді енгізуді және бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыруды іске асыру барысы туралы баяндады.
Тиісті рәсімдерден өткеннен кейін түзетулерді Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізу жоспарланып отыр.
Өткен жылдан бастап реттеуші мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілерге қойылатын талаптарды жою және қайта қарау бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Ұлттық экономика министрлігі апта сайын мониторинг жүргізеді.
Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерлерді анықтау үшін базалық өлшемшарттарын енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін еңбекақы қорының өсуі және салық аударымдарының ұлғаюы бойынша қарсы міндеттемелер енгізілді.
Сондай-ақ кеңеске қатысушылар «Ұлттық қор – балаларға» жобасының іске асырылу барысын қарастырды. Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес жобаны іске асыру үшін заңнамалық түзетулер әзірленуде.
Сонымен қатар кеңесте Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Келешек» білім беру жинақтау жүйесін іске қосудың жаңа тетігін енгізу жөніндегі ұсыныстары қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.