Екпінде жаңа мектеп салынуына не кедергі: бейіт пе, басқа көзқарас па?

Ақсуат ауданы, Екпін ауылындағы мектеп салу мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқаны басы ашық шындық. Өткен жылы Президент тапсырмасымен қабылданған Үкіметтің «Жайлы мектеп» бағдарламасына еніп, ауылда мектептің жаңадан бой көтеретінін естіп ауыл тұрғындары қуанып қалып еді. Алайда, әлдебір себептермен «Самұрық-Қазына» АҚ-ы қаржыландыруының тоқтап қалуы салдарынан екпіндіктердің бұл қуанышы көпке бармады.
Дегенмен, бұл мәселе күн тәртібінен түспей, облыстық бюджеттен бөлінетін қаржыға салынатыны белгілі болып алаңдаушылық басылғандай болды.
Бірақ, ең қиыны мектеп салатын орынды таңдауға келгенде ауылда түрлі көзқарастар қалыптасып отырғаны көңілге қаяу түсіріп тұр.
Облыс әкімі Н. Ұранхаев Ақсуат ауданына жолы түсіп, ауыл азаматтарымен кездесуі кезінде бұған дейін таңдалған орын бейітке қарсы тап кеп тұрғанын байқап, мектепті басқа жерден салу қажеттігін айтқан еді. Өйткені, күні ертең жаңа мектептегі оқушылар есік алдына шыққан сайын зираттарға назары түсіп, психологиясына, оқуға ынтасына кері әсерін тигізуі мүмкін екендігін Нұрлан Тельманұлы баса айтқан болатын. Аудан әкімі Ерсін Ескендіров те бұл жағдайдан хабардар болғанын жұрт жоққа шығармайды.
Тап осы тұста болашақта салынатын мектептің зират маңынан бой көтеруі оқушы психологиясына қаншалықты әсер етуі мүмкін екендігіне қатысты арнайы маманнан да пікір білген болатынбыз.
Сонымен бұл шешімге өзгеріс еніп, ауыл ішінен басқа жердің аумағы лайық болып табылған еді. Алайда, бұл ұсыныстың қазіргі мақұлдануы екпіндіктер үшін «аққу көлге, шаян шөлге тартқан» жағдайға ұласа бастағаны өкінішті-ақ. Жұрт білетін бір жағдай Ақсуаттағы қазақ мектебінің өзі де кеңестік дәуір кезінде зират айналасынан бой көтергені бәрімізге мәлім. Енді сол бір кереғар көрініс тағы да қайталана ма деген қауіп бар.
Өйткені, облыс басшысының қостамағанын, мектеп салуға басқа жер таңдау қажеттігін айтқанын біле тұра кейбір азаматтар зират маңына салуды қайта көтеріп отыр. Ал аудан әкімі Ерсін Ескендіровтің қазір қандай көзқараста отырғаны белгісіз. Жағдаймен жақсы таныс бола тұра, аудан орталығының іргесіндегі Екпіндегі мектеп салу мәселесіне аудан басшысының нақты нүкте қоюға асықпай отырғаны түрлі адамды ойға қалдырады.
Аталған мәселеге қатысты Абай облыстық білім басқармасына хабарласқан едік. Сөз соңында басқарма тарапынан келген мынадай мәліметті ұсынып отырмыз:
Ақсуат ауданы Екпін ауылы «Ы. Кабеков атындағы орта мектебі» КММ (12.07.2021 жылғы №32 «Ғылыми арнайы және сараптамалық зерттеулер зертханасы» мекемесінің апаттылық туралы қорытындысы бар).
2024 жылы мектеп ғимараттарының шатырларын, шатыр жабындары мен қабырғаларын нығайтуға 14,6 млн.теңге бөлінді.
2025 жылдың бірінші тоқсанында ғимаратқа жаңа техникалық тексеру жүргізіледі. Мәселені 2026 жылы жаңарту шеңберінде қарау жоспарлануда.