Облысымызда жылу маусымы қалыпты

Абай облысында жылу маусымы штаттық режимде өтуде. Сондай-ақ жылу көздеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келеді. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырханов баяндады.
Бүгінде облыс орталықтандырылған жылумен жабдықтау қуаты сағатына 100 Гкал асатын 4 ірі және сағатына 100 Гкал кем 41 жылу көздерімен қамтамасыз етіледі. Автономды қазандықтардың саны 330. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 401,8 шақырым болса, оның 322 шақырымы Семей қаласына тиесілі. Семей қаласын жылумен жабдықтауды 21 қазандық және «Теплокоммунэнерго» МКК №1 ЖЭО жүзеге асырады. Одан бөлек 76 орталық жылу пункттері бар.
Өңірдің көмірге жалпы қажеттілігі 1 млн 247 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрғындарға қажетті көмірдің 83%, жылу көздері үшін 56%, әлеуметтік нысандар үшін 100% жеткізілді. Облыстың коммуналдық-тұрмыстық секторы және жылу көздеріне көмірді уақтылы жеткізу үшін «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ» АҚ-мен бірлескен кесте бекітілген. Тұрғындар мен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір сататын 16 пункт жұмыс істейді (12 теміржол тұйығы және 4 ірі қойма). Барлық нысандар қажетті техникамен, жүк көлігі үшін кіру тұрақтармен жабдықталған. Басқарма облыстың елді мекендеріне көмірдің қажеттілігі мен жеткізілуіне күнделікті мониторинг жүргізеді.
Әкімдік отырысында облыс кәсіпорындары мен заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегі талқыланды. Осыған байланысты аймақ басшысы нақты шараларды қолға алып, қарызбен күресті күшейтуді тапсырды.